ҚР жеңіл өнеркәсібін дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған Кешенді жоспары Үкімет отырысында таныстырылды
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді, оның барысында инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған Кешенді жоспары жобасын ұсынды.
«Саланың даму динамикасы оң. Ү.ж. 9 айында жеңіл өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 46 млрд. теңгені құрады. Тері өңдеу 3,5 есеге артты. ҮИИД МБ аясында жеңіл өнеркәсіп сферасында ү.ж. 14 жоба жүзеге асырылды, өнімдердің жаңа түрлерінің өндірісі игерілді. Жекелеген позициялар бойынша құлдырау бар, бірақ жалпы бірқалыпты көрсеткішке шығу күтілуде», - деп мәлімдеді А.Рау.
Кешенді жоспардың басты мақсаты өндіріс өсімі, елдің ішкі сұраныстарын қамтамасыз ету, шикізат өңдеуді арттыру, сондай-ақ кәсіпорындарды жетілдіру, қолдау және дағдарыстан кейінгі сауықтыру болып табылады. Кешенді жоспар барлық мемлекеттік органдарымен келісілді және министрдің бұйрығымен қабылданады.
Елдегі мұнай өнімдеріне қатысты қазіргі жағдай туралы энергетика министрі Владимир Школьник баяндады.
Министрдің айтуынша, ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар қолданылды, оның ішінде отандық МӨЗ-тарын мұнаймен жүктеуді арттыру, Шымкент МӨЗ-ын жетілдіруді келесі жылға ауыстыру, отынды басқа елдерден импорттау.
Сонымен, шілде-қыркүйекте АИ-92 маркалы бензиннің 68 мың тоннасы әкелінді, қазан-желтоқсанда 272 мың тонна импорттау жоспарланған.
В.Школьник атап өткендей, Министрлік ішкі нарықты тұрақтандыру бойынша Іс-шаралар жоспарын әзірледі, ол жүзеге асырудың екі кезеңін қарастырады. Атап айтқанда, мұнай өнімдерін импорттау географиясын кеңейту, «ҚТЖ» ҰК» АҚ үшін қосымша қорлар құру, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы саласында бақылауды күшейту және басқалары жоспарланған.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз