Қостанай облысының макроэкономикасында оң динамика байқалады — Құмар Ақсақалов

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері облыста барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады.

«Экономикаға салынған инвестициялар көлемі 7,4%-ға, құрылыс жұмыстары 21,5%-ға өскен, 412,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, сауда қызметтері 3,9%-ға, көлік 3,6%-ға өсті.  Өнеркәсіптік өндіріс көлемінің өсуі 4,7% құрады. Айтарлықтай өсім – 16,1%, өңдеу өнеркәсібінде, атап айтқанда, машина жасауда 34%, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіруде 10,5% байқалады», — деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Мемлекет басшысының экономиканың барлық саласының тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары шеңберінде өнеркәсіпті жаңғыртуға, шағын кәсіпкерлік субъектілері санының өсуіне, облыста өндірілетін өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған бірқатар шара жоспарланған.

Құмар Ақсақаловтың сөзінше, өңір экономикасының базалық салаларында, сондай-ақ құрылыс индустриясында тұрақты қарқынмен қамтамасыз етуге және сақтауға, халықтың өмір сүру сапасы мен жұмыспен қамтылуын арттыруға ерекше назар аударылды, бұл елдің жалпы дамуына әсер етеді.

Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемінің өсуі машина жасау өндірісін 34%-ға, тамақ өнімдерін 10,5%-ға, сусындар өндірісін 5,5%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Жеңіл және жүк автомобильдерінің, трактор, орақ, кондитерлік өнім, май, ет, сүт, шұжық өнімдері мен ұнның өндірісі ұлғайтылды. 

Бұдан бөлек, Құмар Ақсақалов машина жасау саласын дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы жаңа индустриялық және инновациялық жобаларды іске асыру есебінен орындалатын болады. Мысалы, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС қуаттылығы жылына 30 мың дана, құны 23,0 млрд теңгеден асатын және 400 жұмыс орнын құруға бағытталған «Chevrolet Оnix» автомобильдерін шағын тораптық өндіру бойынша жобаны іске асыруда», — деп атап өтті аймақ басшысы.

Биылғы жылдың қараша айында «KIA» зауытының құрылысы басталды. Инвестиция көлемі 90,0 млрд теңгені құрайды, қуаты жылына 70 мың бірлік, 1,5 мың жұмыс орны құрылады. Бірінші көлік 2025 жылдың жазында конвейерден шығады.

Инфрақұрылымдық қамтамасыз ету мақсатында «құрғақ порт» көлік-логистика кешенін салу жоспарлануда. Инвестиция сомасы шамамен 37 млрд теңге, 350 жұмыс орындары құрылады.

Жобаны іске асырудың оң әсері халықаралық көлік-логистика хабын құру, сондай-ақ бюджетке жыл сайын 3,5 млрд теңге мөлшерінде табыс қарастырылған.

Мемлекет басшысының жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесін ұлғайту туралы тапсырмасын орындау мақсатында келер жылы қуаты 40 МВт газ поршенді электр станциясының және облыстағы қуаты 22 МВт бірінші күн электр станциясының құрылысы басталады. 

Биыл Арқалық қаласының маңында қуаты 48 МВт, құны 24 млрд теңгеден асатын жел электр станциясы пайдалануға беріледі. Осы объектілерді пайдалануға берілуі облыс электр энергиясын өндіруді 110 МВт-қа ұлғайтады.

Құмар Ақсақалов инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесі облыс әкімдігінің ерекше бақылауында екенін атап өтті. Есепті кезеңде облысқа 7,4% өсіммен 393 млрд теңге инвестиция тартылды. Оның 80%-ы жеке инвестиция. Биыл $216 млн шамасында тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

«Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында өндірістік, көліктік және сервистік инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жалғасады», — деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің сөзінше, жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 611 млрд теңгеге жеткен. Сүт және сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті төмендету, өз өндірісін ұлғайту мақсатында жыл сайын кемінде 10 жаңа ірі өнеркәсіптік сүт-тауар фермалары салынатын болады. 

Алғашқы 7 сүт-тауар фермасының құрылысы басталды. Жаңа өнеркәсіптік сүт фермаларын енгізу ұйымдасқан шаруашылықтарда өнім өндіруді 30%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді және сүт өңдеу кәсіпорындарының қосымша жүктемесін 70%-дан 86%-ға дейін қамтамасыз етеді, сондай-ақ нарықты қосымша өнім көлемімен қанықтыру есебінен инфляцияны төмендетуге септігін тигізбек.

Шикізаттан қаптамаға дейін толық циклді бұршақ дақылдарын қайта өңдеу бойынша «Кайдзен» ЖШС зауыты іске қосылды. Жоба бойынша 70 жұмыс орны құрылады. Инвестиция көлемі 4 млрд теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін жетеді, бұл облыс халқын жармамен қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Жылына 40 тонна  бие сүтін құрғақ күйінде даярлауға қауқарлы ферманы техникалық іске қосу жүзеге асырылды, құны 10 млрд теңгеге бағамдалатын инвестициялық жоба  100 жұмыс орнын құруға негізделген. Ферма іске қосылғаннан бері облыста өнімнің жаңа бірегей түрі пайда болды, ол ұзақ уақыт сақтаған кезде өзінің қасиеттерін жоғалтпайды. Қазіргі уақытта тауар сертификаттаудан өтуде.

«Біздің ата-бабаларымыз үшін қымыз денсаулықты сақтайтын және күрделі аурулардан арылтатын маңызды өнім болған. Құрғақ сүт сапасы жағынан саумалдың пайдалы көрсеткіштеріне жақын болады. Жаңа заманауи технологиялардың арқасында біз бұл мұраны сақтап қана қоймай, оны жаңа халықаралық деңгейге көтере аламыз», — деді Құмар Ақсақалов.

Құрылыс саласы – өңір экономикасында тұрақты өсіп келе жатқан саланың бірі. Құмар Ақсақаловтың айтуынша, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін 450 мың шаршы метр тұрғын үй (4 мыңнан астам пәтер) пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі таңда 413,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, өсім – 4,3%, яғни 3,5 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Аймақ басшысы құрылыс тек облыс орталығы мен қалаларда ғана емес, аудандарда да жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл мақсаттарға 27,8  млрд теңге бөлінді, қаражат көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп.

«Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін «Қостанай жастары» бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Биыл біз бағдарлама ауқымын кеңейтіп, қаржыландыру сомасын үш есеге арттырдық. Бөлінген 2 млрд теңге есебінен кемінде 140 отбасының тұрғын үй жағдайлары жақсаратын болады», — деді өңір әкімі.

Бұдан бөлек, Құмар Ақсақалов өңірдегі  автомобиль жолдарының жағдайына тоқталды. Биылғы жылы автожолы саласының бюджеті шамамен 56,0 млрд теңгені (55,7 млрд) құрады, бұл былтырғы жылдағы деңгейден 30%-ке артық  (2022 жылы 42,8 млрд теңге). Биыл 700 км автожолы және 94 елді мекенде шамамен 300 (299) көше жөнделді.

«Жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 87% құрады», — деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар ол өңір тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Әкімнің сөзінше, биыл сумен жабдықтау бойынша жалпы сомасы 22 млрд теңгеге жуық  69 жоба іске асырылды, бүгінгі таңда оның 16 млрд-ы игерілген. Жыл соңына дейін 37 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарының сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 86,6%-ке дейін өседі, немесе 354 ауыл сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Ал жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту бойынша жалпы сомасы 13,7 млрд болатын 19 жоба іске асырылды, бұл 2022 жылға қарағанда жеті есе көп. 21,4 км жылу желілері қайта жаңғыртылды, бұл желілердің тозуын 2,5%-ке төмендетуге мүмкіндік берді.

«Алдағы уақытта да жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43%-ке дейін төмендету жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады», — деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, облыс әкімі өңір халқын сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша  атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, биыл облыс орталығындағы жаңа буын 5G интернеті бойынша және ауылдарды жоғары сапалы 4G мобильді интернетпен қамтамасыз ету бойынша меморандумдарға қол қойылды.

«Бүгінгі таңда 492 ауылдық елді мекеннің 331-інде байланыс сапасы жақсы. Байланыс операторымен бірлескен жұмыстың қорытындысы бойынша 4G стандартындағы мобильді интернет деңгейі 2026 жылдың соңына қарай 100%-і құрайды», — деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар өңір әкімі жұмыссыз тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы айтты. Оның сөзінше, биыл 40 мың азаматқа жұмыспен қамту бойынша жәрдем көрсетілген. Жыл соңына дейін 42 мың адамды қамту көзделген.

«Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес бизнесті дамытуда жастарға қолдау көрсету үшін жылдық 2,5%-пен 5 млн теңгеге дейін жеңілдікті кредиттер беріледі. Бұл мақсаттарға 180 жас азамат үшін 900 млн теңге қарастырылған», — деді аймақ басшысы.

Бүгінгі таңда 836 млн теңгеге 185 өтінім мақұлданды, оның ішінде 159 өтінім бойынша 719,4 млн теңге берілген.

Іске асырылып жатқан Ұлттық жобалар шеңберінде жыл басынан бері 19,5 мың жұмыс орны ашылды, оның ішінде 13 мыңға жуығы тұрақты негізде. Қабылданып жатқан шаралар биылғы жылдың 3-тоқсанының қорытындысы бойынша 4,7% (2022 жылдың 3-тоқсанында - 4,9%) құраған жұмыссыздық деңгейін сол қалпында қалдыруға оң әсер етеді.

Бұдан бөлек, Құмар Ақсақалов 2025 жылға дейін Қостанай облысында 7500 орындық 9 заманауи мектеп салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Оның 8-і «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қостанай, Арқалық қалалары, Қостанай, Әулиекөл аудандарында салынады, сонымен қатар Рудныйда 1200 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Бұның барлығы оқушылардың орын тапшылығын 12 мыңға жуық қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта облыста 2024 жылы пайдалануға берілетін 1980 орындық 3 мектептің құрылысы жүргізілуде: 2 мектеп Қостанай қаласының «Береке» мен «Қонай» шағынаудандарында және 1 мектеп Қостанай ауданының Еңбек ауылында.

«Облыс орталығында «Iqostanay» оқушылар сарайы ашылды, онда 1 300 оқушы түрлі салаларда өз білімдері мен қабілеттерін дамыта алады», — деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Құмар Ақсақалов өңірде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Ұлттық жоба аясында желтоқсан айында 6 медициналық нысан (4 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік пункт) ашылады. Ал 2024 жылы 19 медициналық ұйымның құрылысын бастау жоспарланған. Бұдан бөлек, ол өңірге медицина кадрларын тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Әкім сөзінше, жыл басынан бері облысқа 160 дәрігер келген, оның 84-і жас түлек, 76-сы республиканың басқа өңірлерінен көшіп келген.

«Биыл облыстық бюджет есебінен 80 дәрігер 345 млн теңге сомасында көтерме жәрдемақы алды, 59 дәрігерге тұрғын үй берілді, медициналық ұйымдар 46 дәрігерге тұрғын үйді жалға берді. 2023-2024 жылдарында кемінде 100 дәрігерді тарту жоспарлануда. Нәтижесінде, облыста өткізілетін іс-шаралар денсаулықтың негізгі көрсеткіштерінің динамикасына оң әсер етеді», — деп түйіндеді сөзін Құмар Ақсақалов.

Баспасөз конференциясы соңында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу