Қосымша білім беру саласындағы үздік тәжірибелер кеңінен қолданылуы керек – Тамара Дүйсенова

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова қосымша білім беру саласындағы үздік тәжірибелерге арналған республикалық семинарға қатысты.

Шараға еліміздің барлық өңірінен келген педагогтар қатысты. Семинар аясында оларға қосымша білім беру саласындағы үздік тәжірибелер ұсынылды. Еліміздегі жан-жақты даму орталықтары техникалық және цифрлық сауаттылықтан бастап, балалардың көркемдік-эстетикалық дамуына және олардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға дейінгі әртүрлі бағыттарда жұмыс істейді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 10 жаңа қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланған. Бүгінде елімізде 1 600-ден астам мектептен тыс ұйым бар, онда үйірмелер мен секциялардың 380-ге жуық түрі жұмыс істейді. Оларға 3 млн-нан астам жас қазақстандықтар қатысады.

Республикалық семинарға қатысушыларды қабылдаған Sana орталығында 45 секция мен үйірме жұмыс істейді. Балаларға 100-ге жуық мұғалім әртүрлі пәндерден сабақ береді. Тамара Дүйсенова орталықтың жұмысына және мұнда ұсынылған тәжірибелерге оң баға берді.

«Жаңа заман тек білімді ғана емес, оны күнделікті өмірде қолдана білуді де қажет етеді. Сондықтан педагогикалық қоғамдастық білім беру сапасын арттыруға бағытталған Ұлттық баяндама жобасын дайындады. Онда баланың тұлға ретінде дамуына ерекше назар аударылады. Бұл істе мектеппен бірлесіп, балалардың жан-жақты дамуына үлес қосатын қосымша білім беру орталықтары маңызды рөл атқарады. Бұл бағытта бізде керемет тәжірибелер бар, енді басқа орталықтарға үздік тәжірибені кеңінен тарату міндеті тұр», — деді Тамара Дүйсенова.

#Білім беру #Тамара Дүйсенова

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу