КТС, ҚҚС және шағын бизнестің есеп беруі бойынша өзгерістер

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 15-отырысында кезекті салықтық әкімшілендіру және салалық реттеу мәселесі қаралды. Отырыс тақырыбының бірі – ақша-кредит нарығы операциялары бойынша табысқа салық салу.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ақша-кредит нарығы операциялары бойынша жекелеген кіріс түрлеріне салық салудың арнайы тәртібі қолданылды. Осыған байланысты корпоративтік табыс салығын төлеушілерде корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемді есептеу және төлеу тәртібін, сондай-ақ салық есептілігін жасау қағидасын түзету қажеттігі туындады.

Бұрынғы Салық кодексінің нормаларына сәйкес, 2025 жылғы ақша-кредит нарығының операциялары бойынша кірістерге 10% мөлшерлеме бойынша салық салынды. Бұл ретте салық базасы аяқталған салық кезеңінің қорытындысы бойынша ғана қалыптасып, бір реттік қана сипатта болды.

Сонымен қатар қолданыстағы нормалар мұндай салық сомасын КТС бойынша аванстық төлем есебіне қосуды көздейді. Ұлттық банк өкілінің пікірінше, бұл аванстық төлем мөлшерінің негізсіз ұлғаюына алып келеді. Өйткені 2026 жылы ақша-кредит нарығының операцияларына бұдан былай қосымша салық салынбайды.

Осыған байланысты КТС бойынша аванстық төлемдерді есептеу және төлеу тәртібіне, сондай-ақ салық есептілігін жасау қағидаларына, оның ішінде есептелген аванстық төлемдер сомасы мен есептелген КТС сомасы арасындағы айырманы есептеуге өзгерістер енгізу ұсынылады. Өз тарапынан Қаржы министрлігі бұл ұсынысты қолдады.

Сондай-ақ отырыста денсаулық сақтау саласында ҚҚС бірыңғай өтпелі мөлшерлемесін енгізу мүмкіндігі тағы да талқыланды. Қатысушылар бірыңғай ставка қажет деген пікірге келгенмен, оның көлеміне байланысты пікірталас жалғасуда.

Еске салсақ, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды, жинақтаушы және техникалық көмекші құралдарды сату және импорттау бойынша айналымға 5% мөлшерінде ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесі белгіленді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ол 10% болады.

Бұл ретте орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуді қоса алғанда, ТМККК және МӘМС шеңберінде көрсетілетін дәрілік заттар мен медициналық қызметтерді өткізу және импорттау бойынша айналымдар ҚҚС-тан босатылды. Отырысқа қатысушылардың айтуынша, жеңілдікті және босатылған режимдердің үйлесуі салықты әкімшілендіруде қиындықтар туғызады.

Талқылау қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин ықтимал мөлшерлеменің параметрлерін және оның сала мен бюджетке әсерін қосымша есептеуді тапсырды.

Тағы бір мәселе жеңілдетілген салық режимін қолданатын субъектілер үшін 200-нысанды тапсыру міндетін жою мүмкіндігі болды.

Салық кеңесшісі Айжан Балакешова бүгінде мұндай есептілікті ірі компаниялармен қатар шағын бизнес субъектілері аз жұмысшылармен бірге тапсыратынын атап өтті. Бұл әкімшілік жүктемені арттырып, егжей-тегжейлі есепке алуды, қосымша бухгалтерлік шығынды талап етеді. Қателіктер мен айыппұл қаупі де артады.

МКК төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов 200-нысан жалдамалы жұмыскерлері бар компаниялар үшін ғана қарастырылғанын, ең алдымен әлеуметтік төлемдерді уақтылы есепке алу және жұмыскерлердің құқығын қорғау үшін қажет екенін түсіндірді.

Ол сондай-ақ қолданыстағы арнаулы салық режимі бұрынғыдан айтарлықтай ерекшеленетінін атап өтті: бүгінгі таңда АСР қолдану шегі 2,6 млрд теңге. Ал компаниялар айналымға жылына 103,8 млн теңгеге жеткен кезде еңбекақы төлеуге арналған шығыстар бойынша шегерімдерді пайдалана алады және ҚҚС-қа қоймай жұмыс істей алады.

МКК деректері бойынша, осы жылғы ақпанда жеңілдетілген декларацияны ұсынған 1,2 млн салық төлеушінің 800 мыңға жуығының әлеуметтік төлем бойынша берешегі болған. Ведомство тоқсан сайынғы есеп беру бизнеске жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік беріп, қарыздың жинақталу қаупін азайтады деп санайды.

МКК ұстанымын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қолдап, 200-нысан жалдамалы жұмыскерлердің табыстарын есепке алудың ашықтығы мен әлеуметтік міндеттемелерді бақылау үшін қажет екенін атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин шағын және орта бизнес субъектілері үшін 200-нысанын сақтау қажеттілігін қосымша талдауды тапсырды.

 

#Салық саясаты #Серік Жұманғарин #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу