Құрылтай депутаттары Қазақстанның АИИБ-пен әріптестігі туралы Үкімет ұсынған заң жобасын екі оқылымда мақұлданды

Үкімет Құрылтай депутаттары қарауына «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды.

Заң жобасы депутаттар тарапынан бірден екі оқылымда қаралып, мақұлданды.

Құжат банкпен стратегиялық өзара іс-қимылдың жаңа кезеңіне жол ашады, инфрақұрылымдық жобалардың тиімді әрі жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге және экономиканың негізгі салаларына инвестиция тартуға бағытталған. Негіздемелік келісім мақұлданғаннан кейін ел экономикасына алғашқы 5 жыл ішінде көлік, энергетика, денсаулық сақтау және «жасыл» қаржыландыру сияқты салалар үшін жеңілдікті шарттармен $6 млрд-қа дейін «ұзақ мерзімді ақша» тартылады. Бұл қаржыландыру құралдары ауқымын кеңейтуге, шығыстарды басым бағыттарға қайта бөлу арқылы бюджетке түсетін жүктемені азайтуға және рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді. 

Заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстан АИИБ-тің негізін қалаушы елдердің бірі екенін атап өтті. Осы жылдың ақпан айында даму институтының Президенті Қазақстанға ресми сапармен келген болатын, оның барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АИИБ-пен ынтымақтастықтың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Келісім мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар мен гранттық жобаларды жүзеге асыру кезінде банк стандарттары мен қағидаларын қолдануға байланысты нормаларды белгілейді. Соның ішінде АИИБ-тің тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек стандарттарын және ақпаратты ашу нормаларын пайдалану қарастырылады.

Жақын арада елімізде инфрақұрылымдық бірқатар жобаны қаржыландыру жұмыстары басталады. Олардың қатарында «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» және «Мойынты – Қызылжар» автомобиль және темір жолдарын реконструкциялау жобалары бар. Бұл Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасымен тікелей байланысты. Ұзақмерзімді перспективада жобаларды жүзеге асыру жалпы ішкі өнімнің өсуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға және елдің кредиттік рейтингін нығайтуға ықпал етеді. 

Бұған дейін осындай келісімдер Азия даму банкімен және Дүниежүзілік банк тобымен ратификацияланған болатын.

#Заң жобалары #Инвестициялар #Инфрақұрылымдық даму #Серік Жұманғарин #Қаржы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу