18 Қаңтар 2018, 08:06
Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин мен қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Жолдаудың «Тиімді мемлекеттік басқару» сегізінші бағыты аясында жекешелендіруді іске асыру барысы туралы баяндады.
Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында мынаны тапсырды:
- мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет;
- әкімшілік шығындарды азайту үшін ведомствоға бағынышты нақты қажетті ұйымдарды мүмкіндігінше біріктіру керек.
«2017 жылы мемлекеттік органдардың ведомствоға бағынышты ұйымдарын түгендеу нәтижесі, сондай-ақ Үкіметтің жекелеген мемлекеттік тапсырыстарының қорытындысы бойынша Жекешелендірудің кешенді жоспары 168 ұйымға толықтырылды», — деді баспасөз конференциясы барысында Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар Президент тапсырмасы мен Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсыныстары бойынша 46 ұйым жекешелендіру жоспарынан шығарылды.
Осылайша, 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Жекешелендірудің кешенді жоспарында 904 ұйым бар, яғни, 122 компанияға немесе 15,6%-ға ұлғайды.
Сондай-ақ, Серік Жұманғарин мемлекеттік меншіктің ірі нысандары мен Самұрық-Қазына активтерін өткізу туралы ұсыныстар жүйелі түрде Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырыстарында қаралатынын айтып өтті.
Мәселен, 2017 жылы Мемлекеттік комиссияның бес отырысы өткізілді, онда 57 ұйымның іске асырылу тәсілі мен үлесі туралы шешім қабылданды, оның 19-ы басымдықты тізімге кіреді.
«Бұдан өзге, халықаралық кеңесшілердің ұсыныстары бойынша, IPO табысты өткізуге және ұлттық компаниялар акцияларының құнын көтеру үшін Мемлекеттік комиссия IPO аясында өздерінің бас компанияларының 14 активін өткізуді мақұлдады», — деді вице-министр.
Қазіргі таңда мемлекеттік комиссияның ұсынысы бойынша жекешелендіруге жататын ұйымдардың тізімі бес мемлекеттік меншік ұйымы мен «Бәйтерек» холдингінің бір объектісін шығару арқылы жаңартылады.
Қорытындылай келе, С. Жұманғарин Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік мемлекеттік органдардың ведомствоға бағынышты ұйымдарын толығымен түгендейтінін атап өтті, оның нәтижелері 2018 жылдың тамыз айында шығарылатын болады.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу