ҚР Қаржы министрлігі: Мемлекеттік сатып алуды жетілдіру бойынша заң жобасы жауапкершілік және ережелерді сәйкестендіру қағидаларына негізделген

ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы барысында мемлекеттік сатып алулар саласын жетілдіру бойынша әзірленіп жатқан заң жобасының басты қағидалары туралы хабарлады.

Мемлекеттік сатып алулар саласын жетілдіру бойынша жаңа заң жобасының басты қағидалары квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілері үшін бірыңғай ережелер жасау және сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін арттыру болып табылады. Б. Сұлтановтың айтуынша, бірыңғай тәсіл кәсіпкерлер үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың сатып алуларға қатысу шарттарын жеңілдетеді. Сонымен қатар, бүгінде мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі барлық ақпараттық жүйелерді біріктіру жоспарланған.

«Бүгінде, өкінішке қарай, бізде заңнамада квазимемлекеттік секторда сатып алулар бойынша ешқандай жауапкершілік жоқ. Сондықтан, ҚР Әкімшілік кодексіне және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға өзгерістерде квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған», - деп атап өтті Б. Сұлтанов.

Заң жобасында сондай-ақ квазимемлекеттік секторды Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің бақылауына алу қарастырылған. Қаржы министрі баса айтып өткендей, аталған шара квазимемлекеттік секторда корпоративтік басқару жүйесін үйлестіру және сатып алулардың бірыңғай ережелерін жасау үшін қабылданған. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу