ҚР Қорғаныс министрі болып Иманғали Тасмағамбетов тағайындалды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамына ведомствоның жаңа басшысы Иманғали Тасмағамбетовті таныстырды. 

Мемлекет басшысы ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесті. 

Кездесу барысында Президент берген өтінішіне орай қорғаныс министрі Серік Ахметовтің отставкасын қабылдағанын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ведомствоның басшылық құрамына жаңа министр - Иманғали Тасмағамбетовті таныстырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігі елдің мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды буын саналатынын атап өтті, сондай-ақ Қазақстан армиясының қару-жарағын одан әрі жетілдірудің және оны заманауи әскери техникалармен жабдықтаудың қажеттілігіне назар аударды.

Иманғали Тасмағамбетов 1993 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1995 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 1997 жылдан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысы орынбасары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылдан - Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдың желтоқсанынан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 

2002 жылдан - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі. 2003 жылдан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы. 

2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсанынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі. 2008 жылдың сәуірінен - Астана қаласының әкімі.

2014 жылдың 22 қазанынан ҚР Президентінің Жарлығымен И.Тасмағамбетов ҚР қорғаныс министрі болып тағайындалды.  

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу