Үкімет отырысында К.Мәсімов оң экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша бірқатар бағыттарды жариялады

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі кезекті отырысын өткізді. 


Отырыс жұмысын ашқан К.Мәсімов Асқар Мырзахметовты Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалуымен құттықтады. Жаңа вице-премьерге Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысын басқару тапсырылды. Алдында оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жетекшілік еткен болатын.

Кәрім Мәсімов сондай-ақ бүгін Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия мүшелері Президентке өз жұмысының аралық қорытындылары туралы баяндағанын айтып өтті. 

«Мемлекет басшысы есепті қабылдады. Тапсырмалар берілді. Кейбір мәселелер бойынша түзетулер енгізуге тура келеді. Комиссия жұмысын жалғастырады, яғни реформалар жалғасын табады», - деп мәлімдеді К.Мәсімов.

Бұдан өзге, Үкімет басшысы бүгінгі кеңес барысында Президент ағымдағы экономикалық саясатқа кейбір түзетулер енгізуді мақұлдағанын айтып өтті.

Атап айтқанда, жұмыстың маңызды бағыты өнім шығарудың қысқаруы байқалған экономика салаларында өндіріс көлемінің өсімін қамтамасыз ету болады. Осыған байланысты К.Мәсімов Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-на мұнай өндіруді жоспарланған 74 млн тоннадан 75 млн тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етуді, ал биылғы жылдың қазанында Қашаған кен орнында мұнай өндіруді бастауды тапсырды. 

«Барлық келіссөздер жүргізілді, қажетті шешімдер қабылданды. Қашаған қазан айында іске қосылуы үшін сіздер консорциуммен бірлесе осы жұмыстарды аяғына дейін жеткізулеріңіз керек», - деп тапсырды Премьер-Министр.

Бұдан өзге, мемлекеттік органдарға отандық мұнай өңдеу зауыттарын жоспарлы жөндеу мерзімін оңтайландыру, электр энергиясына шектік тарифтерді төмендету мүмкіндігін қарау, «ССТБК» АҚ-да темір кені шикізатын жеткізуді арттыру тапсырылды. 

«Президент алға үлкен және маңызды міндеттер қойды, нақты ресурстарды бөлуді қолдады және адамдар таяу айларда, апталарда осы шешімдердің практикалық жүзеге асуын сезінуі тиіс», - деп баса айтты К.Мәсімов Үкімет мүшелеріне қарата сөйлеген сөзінде. 

Отырыстың күн тәртібі аясында ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бизнесті дамыту және қолдау мәселесі жөнінде баяндады.

Оның мәліметінше, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2016 жылы 1,3%-ға өсті. Осы секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 2015 жылдың қорытындысы бойынша 3 146 576 адамды құрады, бұл 2014 жылдан 2,8%-ға артық. Кәсіпкерлер 15 трлн 858 млрд. теңге сомаға өнім өндірді.

«Бизнестің жол картасы-2020 аясында ШОБ-ті қолдау шаралары қабылдануда. ШОБ-ті жеңілдікпен қаржыландыруға 200 млрд. теңге бөлінді. 2016 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жаңартпалы орналастыру есебінен 260 млрд теңгеден жоғары сомаға 1 300 жоба қаржыландырылды. Бұл 740 млрд теңге сомаға өнім шығаруға, 15 мыңнан астам жұмыс орындарын құруға, 66 млрд теңге бюджетке түсетін салық сомасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», - деді ұлттық экономика министрі.

Қ.Бишімбаевтың айтуынша, а.ж. бес айында «БЖК-2020» Бірыңғай бағдарламасы аясында шамамен 640 жоба субсидияланып, 64,8 млрд теңге несиелер сомасына 272 кепілдік берілді. Кәсіпкерліктің құзіретін арттыру мақсатында 7 000 астам кәсіпкер оқытылып, 600 астам кәсіпкерге 11 000 астам қызмет көрсетілді. 

«Бірыңғай бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде а.ж. бірінші тоқсанында 37 млрд теңге сомаға салық төленді, жиынтық өнім шығару 370 млрд теңгені құрады, шамамен 8 000 жұмыс орны ашылып, сақталды. Орта есеппен алғанда, біздің бағалауымыз бойынша, «БЖК-2020» бағдарламасы аясында салынған бюджет қаражатының 1 теңгесіне 1,5 теңге салық түседі, бір қатысушыға шамамен 20 жұмыс орны құрылады және сақталады. Бағдарлама қатысушыларының орташа еңбек өнімділігі жылына 9 млн теңгені құрайды», - деді Қ.Бишімбаев.

2016 жылға арналған Дағдарысқа қарсы қосымша шаралар аясында ШОБ-тің айналым капиталына және қарыздарды қайта қаржыландыруға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қаражатынан 200 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ 65 млрд теңге көлемінде халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаттарын тарту жоспарланған, деді министр.

Аталған мәселе бойынша «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова мен «Атамекен» ҰКП басшысы Абылай Мырзахметов сөз сөйледі.

Мүлікті жария ету бойынша науқан барысы туралы ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда мүлікті жария етуге өтініш сомасы 1,8 трлн теңгеге жетті, оның ішінде 1,6 трлн теңгесі жария етілді. Науқанның басынан бері 91 мыңға жуық азамат қатысты. 

«Бірлесіп күш сала отырып, біз банк қызметкерлері мен комиссиялар тарапынан жақсы ақпараттық сүйемелдеуге және қызмет көрсету сапасына қол жеткіздік. Жария ету мәселелеріндегі жеке қызметкерлердің біліксіздігіне қатысты сөгулер болған кезден бастап банк қызметкерлерінің, комиссиялардың және салық органдарының біліктілігі айтарлықтай артты», - деп сендірді ол. 

«Осы және басқа да факторлар тек мамыр айының өзінде банк есепшоттарына 300 млрд теңгеден астам қаржының салынуына септігін тигізді. Ақша аударымдарының орташа айлық деңгейі жыл басынан бері 160 млрд теңгеге жетті», - деп атап өтті Қаржы министрлігінің басшысы.

Қаржы министрлігі ЖАО мен ЕДБ бірге белсенді түсіндіру жұмысын жалғастыруда. Сонымен, биылғы жылдың мамыр айында БАҚ-да 800-ден астам мақала жарияланып, телевизия бойынша 41 000 астам сюжет көрсетілді, интернет-ресурстарда шамамен 2 000 мақала орналастырылды, 1 000 астам семинар мен «дөңгелек үстелдер» өткізілді.

Отырыс қорытындысын түйіндеген К.Мәсімов Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша бірқатар міндеттерді жариялады. 

Атап айтқанда, ҰҚК мүдделі органдармен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бір айдың ішінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, қару айналымы, көші-қонды реттеу және т.б. салалардағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасы мен өзге де нормативтік құқықтық актілер жасау қажет.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірге бір айдың ішінде олардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында проблемалы жастармен жұмыс бойынша тәсілдерді түбегейлі қайта қарау тапсырылды.

Инвестициялар және даму министрлігіне ҰҚК, ІІМ және «Самұрық-Қазына» қорымен бірге әуежайларды, автовокзалдарды және теміржол вокзалдарын заманауи тексеру жүйелерімен жабдықтау бойынша бірыңғай техникалық талаптар бекіту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Үкімет басшысы жастарды еңбекпен қамту, әуежайларда, теміржол вокзалдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да өзекті мәселелер оның өңірлерге жұмыс сапарлары барысында қаралатынын айтып өтті.

«Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының жақында өткен Қауіпсіздік кеңесі отырысында айтылған тапсырмаларын уақытылы және сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Мемлекеттік органдардың басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға дербес жауапкершілік артылғанын ерекше баса айтқым келеді», - деп түйіндеді К.Мәсімов.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу