ҰКП мемлекеттік сатып алулар өткізу тетігін жетілдіруді ұсынды

Тимур Құлыбаев төрағалық еткен ҰКП жұмыс мәжілісінде мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң жобасын талқылау аясында, 250 млн. теңгеден асатын сомаға мемлекеттік сатып алулар үшін конкурсты 2 кезеңмен өткізу ұсынылды, деп хабарлайды палатада.

«Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және қаржы Министрлігі ұсынған жаңалықтардың бірі – 250 млн.теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алулар үшін қолданылатын екі кезеңді байқаулар өткізу. Бірінші кезеңде ҰКП және аккредитациядан өткен салалық қауымдастықтар тауарлардың, жұмыстар мен қызмет көрсетулердің әрбір түрі бойынша білікті жабдықтаушылардың Тізімін құрады. Екінші кезеңде – тапсырыс берушілер сатып алуларға қатысу үшін білікті мердігерлерді шақыратын және ең ұтымды ұсыныстар негізінде сатып алулар туралы шешім қабылдайтын болады», - деп атап көрсетілді жиында.

Ұйымның деректері бойынша, мұндай сатып алуды ұйымдастыруды екі кезеңдік өткізу - ықтимал жабдықтаушыларды кең көлемде тартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ, байқауларға қатысушы компанияларға да құжаттарды бірнеше рет ұсынудан құтылуға көмектеседі.

Қаржы Министрлігі Корея мен Италияның сәтті тәжірибесін пайдалануды ұсынды, ол жерде тауарларды сатып алудың интернет-дүкен түріндегі автоматтандырылған тәсілі енгізілген. Қазақстандық нұсқада бұл тәсілді егер сатып алынатын тауарлардың көлемі 8 млн, теңгеден аспайтын болған жағдайда пайдалану ұсынылды.

«Жабдықтаушылар өздерінің өнімдері туралы электрондық тізімде орналастыра алады, тапсырыс берушілер сапасы жағынан да, бағасы жағынан да өздерінің көңілдерінен шығатын жабдықтаушыны тауып ала алады. Ұлттық палатаның бұл жағдайдағы қызметі баға дәлізін қадағалау болады», - деп атап өтті Ұлттық палатада.

Қаржы Министрлігі сондай-ақ, құрылыс жөніндегі келісімшарттарды орындау кезінде қаржыны шығындаудың жаңа есептеу тәртібі мен бақылау жасауды ұсынды. Тапсырыс беруші жабдықтаушының арнайы есеп шотына келісімшарт құнының 50 пайызын депозитке салады, бұл жағдайда көрсетілген ақшаны пайдалану, тиісті жұмыстарды актілеуден кейін ғана мүмкін болады. Бұл норма төлем жасауды кешіктіруді жоюға мүмкіндік туғызады. Ұлттық палата өз кезегінде, мемлекеттік сатып алулар саласында FIDIC халықаралық тәжірибесінде қолданылып келе жатқанға ұқсас құрылыс шарттарының типтік нысандарын енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.

Бұдан өзге, ашық қол жетімділік жағдайында сатып алулар жоспарын қазіргідей бір жылға емес, орта мерзімді кезеңге бюджеттік инвестициялық жобалар аясында сатылып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер туралы ақпарат ұсынылатын үш жылдық кезеңге орналастыру ұсынылып отыр.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу