09 Шілде 2026, 18:16
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Павлодар облысына жасаған жұмыс сапарының екінші күні қаладағы кварталішілік жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, бірқатар нысанға барды.
Бүгінде аймақта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа автокөлік көпірі салынуда. Нұрлыбек Нәлібаев аталған көпір құрылысымен танысты. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 60%-ға орындалды. Нысанның жалпы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайды. Жобаны жүзеге асыру көлік желісінің өткізу қабілетін арттырып, жол қозғалысының қауіпсіздігін күшейтуге және өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Биыл Павлодар облысында жылу және электрмен жабдықтау нысандарын қайта жаңғыртуға бағытталған жалпы құны 21,7 млрд теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда. 92,4 шақырым инженерлік желілерді жаңарту жоспарлануда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы үш жылда жылу желілерінің тозу деңгейі 82,1%-дан 78,2%-ға дейін төмендеді. Қолға алынған жобаларды жүзеге асыру коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл маңызы жұмыс Үкіметтің тұрақты бақылауында.
Келесі нысан еліміздегі бастапқы алюминий өндіретін бірден-бір кәсіпорын – Қазақстан электролиз зауыты. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 250 мың тоннадан астам алюминийді құрайды. Зауыт Қазақстанның алюминий кластеріндегі негізгі өндірістік буын саналады және заманауи экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді. Мұндағы газ тазарту қондырғыларының тиімділігі 99,9%-ға жетеді.
Сапар барысында кәсіпорынды одан әрі дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және отандық металлургия саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Нұрлыбек Нәлібаев қолжетімді тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынып жатқан жаңа «Достық» шағын ауданын аралап көрді. Бүгінде мұнда 18 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2 111 отбасы баспанамен қамтылды. Қазіргі уақытта 1 264 пәтерлі тағы төрт тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ шағын ауданда 1 200 орындық жайлы мектеп пен 80 орындық шағын орталық пайдалануға берілді. Алдағы уақытта әрқайсысы 240 орындық екі балабақша, 1 200 орындық мектеп, трибунамен жабдықталған мұз аренасы, 1 500 орындық көпфункционалды конгресс-холл және бассейнмен жабдықталған заманауи спорт кешенін салу жоспарланған.
Одан кейін Премьер-министрдің бірінші орынбасары жылына 5,5 млн тонна мұнай өңдеуге қауқарлы Павлодар мұнай-химия зауытында болды. Кәсіпорындағы мұнайды өңдеу тереңдігі 93,95%-ға жетеді. Зауыт ішкі нарықты К5 экологиялық класына сай келетін жоғары сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын да тексерді. Жоба аэродром инфрақұрылымын халықаралық заманауи талаптарға сәйкестендіруге, ұшу қауіпсіздігін арттыруға және әртүрлі үлгідегі әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта нысандағы жұмыстардың 72%-ы аяқталды. Тексеріс қорытындысы бойынша барлық құрылыс-монтаж жұмыстарын белгіленген мерзімде, сапалы әрі уақытында аяқтау тапсырылды.
Жұмыс сапарының соңында Нұрлыбек Нәлібаев Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ, «KEGOC» АҚ басшылығының, облыс әкімдерінің, орталық мемлекеттік органдар мен энергетика кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен энергетика саласын дамыту және өңірлерді 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына дайындау мәселелері бойынша жиналыс өткізді.
Жиналысты ашқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары энергетикалық қауіпсіздік пен жылу беру маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мәселелері Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.
Нұрлыбек Нәлібаев жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, жаңа энергия өндіру қуаттарын уақтылы іске қосуды, сондай-ақ жылу, электр және сумен жабдықтау нысандарының, әлеуметтік инфрақұрылым мен тұрғын үй қорының 2026-2027 жылғы жылу беру маусымына дайындығын ерекше бақылауға алуды тапсырды.






Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу