Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев Астана қаласының көрнекті жерлерін аралады

Нұрсұлтан Назарбаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында болып, «Қыз Жібек» операсының дайындығын көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Назарбаев Университетінде болған екі елдің президенттері білім ордасының даму жоспарымен, өнеркәсіпті автоматтандыру зертханасымен, оқу орнының зерттеушілік жобаларымен және физика-математика зертханасымен танысты. Ш. Мирзиёев университеттің құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев ресми ашылған «MEGA Silk Way» сауда және ойын-сауық орталығының сауда-көрме павильондарын аралап көрді. Сондай-ақ екі ел президенттері «Cirque du Solei» әртістерінің Монте-Карлодағы халықаралық фестивалінің жеңімпаздары қойған шағын театрлық көрініс пен акробатикалық шоуды тамашалады.

Мемлекеттердің басшылары қаланың көрнекті орындарын аралап көрген соң «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешені құрылысының барысымен және оның макетімен танысты.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу