Оқушыларға арналған дене шынықтыру сабақтары Almaty SuperSki жаңа курортының аумағында өткізіледі

Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында Almaty SuperSki ауқымды жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба жыл бойы жұмыс істейтін туристік дестинацияға айналып, тау демалысын барлық санаттағы азаматтар үшін қолжетімді етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Kazakh Tourism Development LTD компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша Almaty SuperSki тау курортында барлығы 60 шақырым тау-шаңғы трассасын салу көзделген. Өткізу қабілеті күніне 10 000-нан астам шаңғышы. Курорттың барлық трассасының 70%-ы жасыл және көк категориялы, яғни балалар мен жаңадан бастаған шаңғышыларға өте ыңғайлы.

«Әлемнің барлық курорттарында бұндай көрсеткіш жоқ деп толық айта аламыз. Аспалы жолдардың сапасына әрі оның барлық азаматтарға қолжетімді болуына үлкен басымдық берілген. Сол үшін оны салуға 90 жылдық тарихы бар, әлемге әйгілі француздық РОМА компаниясын таңдадық. Ол 90 елде 8 мыңға жуық жобаны жүзеге асырған. Біз жоба аясында 11 аспалы жол саламыз. Барлығы заманауи, кең әрі жайлы кабиналар болады. Басты мақсат – тауды әр азаматқа қолжетімді қылу. Еңкейген қариядан, еңбектеген баланы жетектеген ана да, мүмкіндігі шектеулі жан да төменгі Медеудегі станциядан 3400 метрдегі Құмбел шыңына еш кедергісіз жете алады. Бұл аспалы жолдармен – зейнеткерлер, балалар және мүмкіндігі шектеулі жандар толығымен тегін жүретін болады», — деді Ержан Еркінбаев.

Kazakh Tourism Development LTD компаниясының бас директоры курорт ең алдымен – қазақстандықтарға, жергілікті халыққа арналып жүзеге асып жатқанын атап өтті. Курорттың келбеті саналатын Медеу және Көк-Жайлау стансаларының архитектурасын әлемге әйгілі Норман Фостердың бюросы (Foster + Partners) жасаған. Ғимараттың басты ерекшелігі – кең панорамалық террасалар. Мұнда келушілер Алматы қаласын және Іле Алатауының әсем көріністерін тау басынан тамашалай алады. Бұл нысандар болашақта курорттың ғана емес, Алматы қаласының жаңа көрнекі орнына, брендына айналары сөзсіз. Архитекторлар қазақтың кигіз үйінен шабыт алып, стансалардың дизайнын қазақи стильге келтірген. Конструкциялар кигіз үйдің керегесі мен уықтарына ұқсатып жасалған. Ал жоғарғы жарық түсіретін элементтер шаңырақ идеясын бейнелейді. Ұлттық нақыш пен заманауи сәулет үйлескен бірегей нысандар салынады.

Ғимараттар экологиялық стильде, барлығы ағаштан жасалады.  Конструкцияларды жобалау мен өндірумен әлемге әйгілі – Канадалық StructureCraft компаниясы айналысады. Масштабты құрылыс болмайды, барлық ғимараттар жиналып, құрастырылатын конструкциялар болады. 

«Жобаның басты басымдықтарының бірі – балаларға жағдай жасау. Қазіргі уақытта Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, болашақ курорт аумағында оқушыларға дене шынықтыру сабақтарын өткізу мәселесі пысықталуда. Мұндай тәжірибе туризмі дамыған Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, Австрияда жыл сайын мектеп бағдарламалары шеңберінде 80 мыңнан астам бала шаңғы спортымен айналысады, Швейцарияда 128 мыңнан астам оқушы қысқы спорттық-сауықтыру бағдарламаларымен қамтылған. Франция мен Италияда мектеп оқушыларының тау шаңғысы курорттарына баруын қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылады», — деді Е.Еркінбаев.

Almaty SuperSki тау курорты тек шаңғы тебуге бағытталмаған. Ол жыл бойы жұмыс істейтін әлемдегі жаңа дестинацияға айналады. Қазір Көк-Жайлау шатқалында жаяу жүру жолдарының және таудағы вело-маршруттардың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл өз кезегінде курортқа 12 ай бойы отандық қана емес, әлемдік туристтер тарапынан сұраныс болатының айғағы. 

Құрылыс басталғанда мыңдаған, ал жоба аяқталғанда 5 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бір туризм саласы экономиканың 50 саласына серпіліс береді. Сондықтан курорттың іргесінде, 20 минуттық жердегі Алматы қаласының туризм бағытындағы – қонақүй, тамақтану, музей, көлік тасымалы және басқа да саланың бойына қан жүгірері анық.

#Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы #Туризм #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу