24 Ақпан 2026, 12:20
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Онда ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар, Қостанай сияқты астық егетін негізгі облыстардың басшылары баяндама жасады.
Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары мерзімінде басталды
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үкімет отырысында өңірдегі көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады. Ол Түркістан облысында осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 8 мың гектарға артып 919 мың гектарға орналастырылатынын, егіс құрылымына сәйкес, мақта 17 мың гектарға, жүгері 15 мың гектарға, мақсары 16 мың гектарға артатынын мәлімдеді.
«Ал су шығынын алдын алу бағытында күріш 7 мың гектарға қысқартылады. Тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілді. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында, отандық зауыттармен облысқа қажетті тасымалдау көлемі келісілді. Осы жылы егіс алқаптарына 204 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіледі. Тауар өндірушілерді несиелендіруге 37 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бүгінгі күнге 7 млрд теңгеге 331 жоба қаржыландырылды. Дала жұмыстарын жүргізуге техникалар мен агрегаттар 100 пайыз дайындықпен жұмыстарды бастады. Жеңілдетілген 53 мың тонна жанар-жағармайға қажеттілік анықталды. Жалпы облыста көктемгі дала жұмыстары мерзімінде басталды тұрақты бақылауда», — деді Нұралхан Көшеров.
Облыстың климаттық ерекшелігіне байланысты жер жырту, сор шаю жұмыстары қаңтар айынан басталып, қарқынды жүргізілуде. Ерте пісетін көкөніс дақылдар 15 мың гектарға егу жоспарланып, бүгінгі күнге, 4,5 мың гектарға егілді. Жалпы ерте мезгілдік 193 мың тонна қырыққабат, 36 мың тонна сәбіз, 35 мың тонна пияз, 153 мың тонна картоп өнімін жинау күтілуде. Бұл өнімдермен облыс халқы 2 есе артығымен қамтамасыз етіледі. Маусымаралық кезеңде өнімдерді Республиканың басқа өңірлеріне тиімді бағада жөнелтуге дайын. Жүгері дақылдарын өткізу нарықтарымен қамтамасыз ету үшін жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін зауыт құрылысы аяқталды. Сонымен қатар өнімділік арттыруда су үнемдеу технологиялары кеңінен ендірілуде. Биыл технология қосымша 50 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 164 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде 280,0 млн м3 үнемделеді. Оның ішінде, жаңа технологиямен мақта дақылы 50 мың гектарға енгізіледі. Тәжірибе көрсеткендей осы технология есебінен өнімділік гектарына 60 центнерге дейін ұлғайып, су шығынын 2 есе үнемдеуге қол жеткізілетін болады. Жалпы облыста көктемгі дала жұмыстары мерзімінде басталды, тұрақты бақылауда.
Қызылордада қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде
Президенттің Қызылорда облысындағы егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде суды аз қажет ететін дақылдарға көшуде. Үкімет отырысында суды ұтымды пайдалану жөніндегі шаралар туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндады. Оның айтуынша биыл Қызылорда облысында барлығы 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Күріш дақылдары 70 мың гектарға егіледі, бұл өткен жылғы деңгейден 10,9 мың гектарға аз. Жалпы соңғы 4 жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды.
«Қысқартылған күріштің орнына егісті әртараптандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көзделуде. Бұл бағытта өңірімізде құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған «Қызылорда крахмал-сірне зауыты», құны 51 млрд теңгеге швейцариялық «Харвест Груп» компаниясының техникалық қарасора, жүгері, соя өсіру және оны өңдеу жобасы, «Семеноводство» серіктестігімен су үнемдеу технологиясымен жүгері егу жобалары жүзеге асырылуда. Жобалар аясында биыл жүгері дақылын 10 мың гектарға орналастырып, алдағы уақытта да ұлғайту жоспарлануда», — деді өңір әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту мақсатында облыста су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы облыс бойынша тамшылатып, жаңбырлатып суару әдісімен 8 мың 100 гектар егіс егілді. Биылғы жылы су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 16 мың 700 гектарға жеткізу межеленген. Егістіктердегі су шығының азайту мақсатында өткен жылы 60 мың гектар күріш алқаптары лазерлік тегістеуден өткізілді. Нәтижесінде диқандар суды 20 пайызға үнемдей отырып, өнімділікті арттыруға қол жеткізді.
«Биыл бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бүгінгі күні көктемгі егін жұмыстарына ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті тұқымдармен 100 пайыз қамтамасыз етілді. 2026 жылға қажетті 65 мың 600 тонна тыңайтқыштардың бүгінгі күні 18 мың 500 тоннасы сатып алынды. Отандық тыңайтқыш өндірушілерге аванстық субсидиялау бойынша тиісті қаражаттар аударылды. Егін егу жұмыстарына қатысатын 3 975 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалғаны 1 наурызға дейін толық дайын болады. Энергетика министрлігі тарапынан көктемгі егіс жұмыстарына 10 мың 100 тонна дизель отыны бөлінді. Шаруаларға кестеге сәйкес таратылатын болады. Ерте егілетін дақылдарды себу жұмыстары наурыз айының бірінші онкүндігінде, күріш егу жұмыстары сәуір айының үшінші онкүндігінде басталады», — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Көктемгі дала жұмыстарының дайындығы аймақ басшысының бақылауында. Салалық министрліктермен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Көктемгі егін егу жұмыстарына Жамбыл облысында 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы дайындалды
Жамбыл облысының диқандары көктемгі егін егу жұмыстары үшін барлық қажетті тауарлық және материалдық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Ербол Қарашөкеев баяндады.
«Осы жылы егіс алқаптарының алаңын өткен жылмен салыстырғанда 16,7 мың гектарға қысқартып, 623,3 мың гектар көлемінде орналастыру жоспарлануда. Осы жылдың егістік жоспары 2026-2028 жылдары аралығында Ислам даму банкінің қаржыландыруымен жалпы құны 86,5 млрд теңге құрайтын 76 каналға жүргізілетін жөндеу жұмыстарына тікелей байланысты. Бұл ретте басымдылық өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге берілетін болады. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30,0 мың гектарға жетеді», — деді Ербол Қарашөкеев.
Аймақ басшысының айтуынша шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қажетті тауарлық материалдық қажеттіліктермен қамтылды. Қажетті 58 мың тонна тұқым толығымен дайындалып қоймаларға құйылды. Жоғары өнім алуға тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру ерекше назарда. Осы жылы 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізу жоспарлануда. 2026 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 25,1 мың тонна дизель отыны қалыптастырылды. Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылуға дайын. 2026 жылы «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 7,0 млрд теңге қарастырылды. Бүгінде 101 шаруаға 2,8 млрд теңге 5%-дық несие берілді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында жүгеріні терең өңдейтін Fufeng Group компаниясының ірі өндірістік кешені іске қосылады. Жоба құны 800 млрд теңгені құрайды. Толық қуаттылыққа шыққаннан кейін жылына 3 млн тонна жүгеріні қайта өңдеуге қауқарлы. Каналдардың жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жүгері егіс алқаптарын 2029 жылы 80 мың гектарға дейін, зауытқа тапсырылатын өнім көлемін 560 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Осы мақсатта бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Харвест Агро Холдинг» ЖШС-не 41 мың гектар жер беру жұмыстары жүргізілуде. Үш жыл ішінде алқаптарға инфрақұрылым жүргізіліп, су үнемдеу технологиялары енгізіледі, 20 мың гектар алқапқа жүгері дақылы орналастырылып, өнім зауытқа өңдеуге өткізіледі. Республика бойынша 2025 жылы дәндік жүгері дақылынан 1 млн тонна өнім жиналды. Жиналған өнімнің 90%-ы оңтүстік өңірлерге, яғни Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарына тиесілі.
«Бұл ретте Fufeng Group компаниясымен бірлесіп аталған өңірлерде жүгеріні қабылдау пункттерін ашу қарастырылуда. Осыған байланысты аталған облыстардың әкімдіктерімен зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында әріптестік іс-қимыл шаралары жүргізілуде. 2026 жылы қант қызылшасы алқабын 8,5 мың гектарға ұлғайтып, 450 мың тонна өнім алу жоспарлануда. Жиналған өнім өңдеу саласын дамыту бағытындағы екі негізгі кәсіпорынмен өңделетін болады. Тараз қант зауыты 2001 жылдан бері қант қызылшасын өңдеуді тоқтатып, тек қант құрағынан қант өндіріп келген. Зауыт 2025 жылдан бастап модернизациядан өтіп, қант қызылшасын өңдеуге ауыстырылуда. Биылғы маусымда қайта іске қосылып, 200 мың тонна қант қызылшасын өңдейтін болады. Екінші өндірістік база — Меркі қант зауыты. Зауыт бүгінде тұрақты режимде жұмыс жасап тұр. Жылдық өңдеу қуаттылығы — 250 мың тоннаны құрайды», — деді Ербол Қарашөкеев.
Сонымен қатар 2027 жылы қытайлық «Zhongkai Kazakhstan» компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу көзделуде. Аталған зауыт жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы және өңірдегі қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз ету қатаң бақылауда.
Павлодар облысында көктемгі егін егу жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникасы 100% дайын
Павлодар облысының шаруалары техника паркі мен тұқым қорының толық дайындығын қамтамасыз ете отырып, егіс науқанына дайындықтың негізгі кезеңін аяқтады. Үкімет отырысында дайындық жұмыстарының барысы туралы өңір әкімі Асайын Байханов баяндады.
Оның айтуынша, 2026 жылғы егінге 171 мың тонна тұқым себілген, бұл іс жүзінде жоспардың 100%-ын құрайды. Өңірде ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайту, егіс алқаптарын әртараптандыру және қайта өңдеу саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
«Осы жылы жалпы егіс алқабы 43,0 мың га ұлғайтылып, 1,7 млн га құрайды. Өсім майлы және дәнді дақылдар егісін кеңейту есебінен қамтамасыз етілді. 2026 жылғы өнімге 171,0 мың тонна тұқым дайындалды. Қамтамасыз етілу деңгейі – 100%. Осы жылы 159,0 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарлануда. Жеңілдетілген дизель отынына қажеттілік 28 мың тоннаны құрайды», — деп атап өтті облыс басшысы.
«Кең дала 2» бағдарламасы аясында өңірдің аграрлық саласының мамандары жеңілдетілген несиелерді 7,6 млрд теңге көлемінде алды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36%-ға артық. Қалыптасқан шикізат базасы терең өңдеуді дамытуға және жаңа инвестициялық жобаларды тартуға қолайлы жағдай жасайды. Облыс басшысының сөзінше биыл жалпы құны 34,0 млрд теңгені құрайтын 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ірі жобалардың қатарында күнбағысты қайта өңдеуге арналған, жылдық жалпы қуаттылығы 92,5 мың тоннаны құрайтын үш май экстракциялау зауытын салу бар. Мемлекет басшысының шикізатты қайта өңдеуді дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тәуліктік қуаттылығы 100,0 мың тоннаны құрайтын жаңа сүт өңдеу зауытын салу бастамасы көтерілуде. Өңірдің аграрлық секторының одан әрі дамуы және көктемгі егіс жұмыстарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылданады.
Шаруашылықтардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік береді – Қостанай облысының әкімдігі
Қостанай облысы бойынша егін егу жұмыстарын 5 млн гектар алқапта жүргізу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында өңір әкімі Құмар Ақсақалов хабарлады.
«Облыс бойынша егіс жұмыстарын 5 млн 131,4 мың га алқапта жүргізу жоспарлануда. Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес Жол картасының барлық көрсеткіштерін орындау жоспарлануда. Оның ішінде негізгі дақылдар – бидай және майлы дақылдар бойынша. Әлеуметтік маңызы бар және мал азығы дақылдарының егіс алқаптары да Жол картасының көрсеткіштеріне сәйкес келетін болады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынымына сәйкес жүгері алқабы 15 мың гектарға дейін немесе өткен жылдан 4,2 есе ұлғаятын болады. Шаруашылықтар барлық егіс алаңына жоғары көбейтілген тұқымдармен қамтамасыз етілген. Осы мақсатта облыста 40 элиталық тұқым өсіру және тұқым өсіру шаруашылықтары жұмыс істейді», — деді Құмар Ақсақалов.
Оның сөзінше облысқа дизель отыны жеткілікті бөлінді. Жеңілдікті лизинг бағдарламасының нәтижесінде 2025 жылы 57 млрд теңгеге 1,3 мың бірлік техника мен агрегаттар сатып алынды. Техниканы жаңарту бойынша көрсеткіш орындалды. Дала жұмыстарын қаржыландыру үшін шаруашылықтар Аграрлық несие корпорациясына 34,5 млрд теңгеге өтінім берді, 15,3 млрд теңге бөлінді. Форвардтық сатып алу бойынша азық-түлік келісімшарт корпорациясына 17,3 млрд теңгеге өтінім жасалды, 12 млрд теңге берілді. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру жұмыстары жалғасуда.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу