26 Маусым 2024, 15:30
Елдегі интернет пен байланыс сапасына айтылған шағым көп. Мәселе тек шалғай елді мекендердегі интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен ғаламдық желінің көңілден шықпауы байқалады. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова саладағы мәселелерді айта келе, бұл бағытта Үкімет тарапынан қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу мақсатында тиісті Ұлттық жоба бекітілді және іске асырылуда. Оның аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 3 010 елді мекенге оптикалық байланыс желілерін қосу көзделуде. Соның нәтижесінде 2,4 млн адамға интернеттің қолжетімділігі қамтамасыз етілмек.
«Мобильді интернет бүгінде 4 866 ауылда бар. Өткен жылы 1 161 ауыл 4G байланысына қосылды. Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында 5G байланыспен қамтуды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда 20 қалада 1 144 базалық станса орнатылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 5G ұялы байланысын енгізу 2025 жылдың соңына дейін аяқталады», — деді Тамара Дүйсенова.
Вице-премьер өңірлердегі мәдениет ошақтарына қатысты да сөз қозғады. Бүгінде салалық министрлік нысандардың стандарттары бойынша ұсыныстар әзірлеп, тиісті заң жобасын дайындауда. Тамара Дүйсенова соңғы жылдары креативтік орталықтардың ашылып жатқанын ескеріп, мәдениет ошақтары көпфункционалды кешен ретінде қарастырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ басты назар мәдени нысандары жоқ, алшақ елді мекендерге аударылатынына мән берді. Мұнда «мобильді орталықтар» тәжірибесін енгізу жағы қарастырылып жатыр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу