28 Қараша 2024, 16:33
ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Су кодексі жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Түзетулер Мемлекет басшысының климаттың өзгеруі мен көршілес мемлекеттердің саясатын ескере отырып, су заңнамасын жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген. Заң жобалары туралы ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.
Биылғы су тасқыны және соңғы жылдардағы оқиғалар су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың аса маңызды екенін айқын көрсетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді.
«Бұл құжатта халықаралық тәжірибенің озық үлгілеріне сай экожүйені қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды басқару есебінен экономиканы тұрақты дамытуға жол ашатын заңдық тетіктер барынша қамтылды», — деді Нұржан Нұржігов.
Министрдің айтуынша, заң жобасын әзірлеу бес негізгі қағидатқа негізделді:
Бірінші. Суды қоршаған ортаның, халықтың өмір сүру негіздері мен экономикалық дамудың ажырамас бөлігі ретінде тану;
Екінші. Мемлекеттің су ресурстарын пайдалану кезінде олардың экономикалық құндылығын тануы;
Үшінші. Жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану;
Төртінші. Су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалануға негізделген су үнемдеу;
Бесінші. Жұртшылықты су қорын қорғау және пайдалану жөніндегі мәселелерді шешуге тарту;
Мәселен, жаңа Су кодексінде «су қауіпсіздігі» ұғымы алғаш рет енгізілді. Ол халық пен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануы қатерінен қорғауды қамтиды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясында егер шұғыл шаралар қабылданбаса, судың тапшылығы экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дағдарыстар туғызуы мүмкін екендігін атап өтті.
Осыған байланысты, биыл Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы және Су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары бекітілді.
«Бүгінде 42 жаңа су қоймасын салу, және 37 қолданыстағы су қоймасын реконструкциялау жоспарда тұр. Сонымен қатар шамамен 14,5 мың шақырым ирригациялық канал жаңғыртылады. Берілген барлық тапсырмаларды орындау кезінде, яғни, 2030 жылға қарай 10 млрд текше метрге дейін су жинақталып әрі үнемделетін болады», — деп мәлімдеді министр.
Сонымен бірге жерүсты және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану қағидаты, сондай-ақ Ұлттық гидрогеологиялық қызметті қайта құрылуына байланысты жаңа кодекс шеңберінде басқа уәкілетті және жергілікті атқарушы органдардан жерасты су ресурстарын басқару функциясын Министірлікке беру көзделген.
Жаңа кодексте басты назар су ресурстарын сарқылу мен ластанудан қорғауға аударылып, содан кейін ғана экономикалық қажеттілікке маңыз берілген. Бұл – жаңа Су кодексінің қолданыстағы кодекстен негізгі ерекшеліктерінің бірі.
Су көздері сарқылуының алдын алу үшін өзендік, көлдік және теңіздік экологиялық жүйені сақтауға арналған және табиғатта қалдыруға жататын «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Осыған орай су ағыны «экологиялық ағынға» және «әлеуетті-еркін ағын» болып бөлінді. Су ресурстарының басыңқы-еркін көлеміне су пайдаланудың перспективалық және жедел лимиттері белгіленді.
Кодексте шағын өзендер мен көлдерді қорғаудың талаптары кеңейтілді. Атап айтқанда, шағын өзендерде түпсіз бөгеттер құрылысына тыйым салу туралы талаптары қарастырылған.
Кодекстің негізгі жаңалықтарының бірі – су ресурстарын кешенді басқаруды дамыту қағидатын сақтай отырып, мемлекеттік жоспарлау жүйесін елеулі деңгейде реформалау.
Жаңа кодекс Су ресурстарын интеграциялық басқарудың Бас жоспарын және бассейндік жоспарларды әзірлеуді көздейді. Бұл құжаттар су ресурстары қорын болжауға негізделген мақсаттарды, міндеттерді, тәсілдер мен негізгі іс-шараларды айқындайды.
«Бірақ ең бастысы, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу кезінде осы құжаттардың қорытындылары мен ұсыныстарын ескеру қажет. Жаңа заңнаманың маңызды компоненті – қолданыстағы заңнамада жоқ, су үнемдеуді ынталандыру механизімдерін енгізу. Жаңа талаптарға сәйкес суды пайдалануға рұқсаттар (арнайы су пайдалануға рұқсаттар) суды қайталама немесе қайталама сумен жабдықтауға кезең-кезеңімен (бес жылдан аспайтын) көшу жоспары болған жағдайда ғана беріледі», — деп түсіндірді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Өтпелі ережелерде сонымен қатар жаңа Су кодексі күшіне енген күннен бастап екі жылдан кешіктірмей, осы жоспарларды әзірлеу көзделмек. Суды үнемдеу саясатын одан әрі жүзеге асыру және фермерлер мен кәсіпорындарды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін заңнама деңгейінде де, нақты практикалық шаралар деңгейінде де негіз қаланды.
Жаңа құжаттың тағы бір ерекшелігі, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесінің жеке тарауға (8-тарау, 61-67-баптар) шығарылғаны. Бұл тарауда гидротехникалық құрылысжайлар тізілімін қалыптастыру және жүргізу, оларды пайдалану, сондай-ақ көп факторлы зерттеулер жүргізу және қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу мәселелері жүйеленген. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздік регламентін әзірлеу жоспарлануда.
Сонымен бірге Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқындары мен құрғақшылықты басқару саясатын қайта қарауға бағытталған түзетулер жиынтығы әзірленді, сондай-ақ барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен өкілеттіктері айқындалды.
«Мысалы, судың зиянды әсерінің алдын алуға, оның ішінде жерүсті су объектілерін қалпына келтіруге және су тасқынынан қорғаудың инженерлік жүйелерін құруға бағытталған нормалар енгізілуде. Сумен жабдықтау жүйелерінің техникалық аудиті мәселелері алғаш рет заңнамалық деңгейде реттелді», — деді Н. Нұржігітов.
Халықтың су ресурстары туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланатын болады. Онда еліміздегі судың жай-күйі, қорғалуы және пайдаланылуы туралы толық мағлұмат қамтылады.
Су шаруашылығын цифрландыру саласында оның жұмыс істеуін ағымдағы жылы құрылған Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы қамтамасыз ететін Ұлттық ақпараттық жүйені құру көзделген.
Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға айрықша көңіл бөлінді.
Жаңа заңнамаға сәйкес бассейндік су инспекциялары мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі – тергеумен қамтамасыз етіледі, бұл тетік су ресурстарын қорғауға, олардың заңсыз пайдаланылуына жол бермеуге, қойылатын талаптарды күшейтеді және судың «қара нарығына» қарсы күрестің негізгі құралдарының біріне айналады.
#Президенттің тапсырмасы #су ресурстары«Жалпы, Кодекс 121 баптан, 14 тараудан және 6 бөлімнен тұрады. Осы заңнама жобасы аясында 4 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі», — деп түйіндеді баяндамасын су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу