03 Маусым 2024, 11:02
ҚР Үкіметі халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен саладағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасын әзірледі. Құжатты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қарап, екінші оқылымда мақұлдады.
Заң жылу энергетика саясаты бойынша құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлуді қарастырады. Қазіргі уақытта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі айналысатын жылу энергиясын тасымалдау функциясы Энергетика министрлігіне жүктеледі. Өз кезегінде, жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне ҚР ӨҚМ жауапты болады. Сондай-ақ бақылау функцияларын қайта қарау қарастырылған. Олар жергілікті атқарушы органдардан Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне ауысады.
Сонымен қатар аумақтарды дамыту және тұрғын үй салу, халық санының өсуі, өнеркәсіпті дамыту және басқа да факторлар жоспарларымен үндестіруді қамтамасыз ететін жылу энергетикасын дамытуды жоспарлаудың жаңа құралы енгізіледі.
Жылу энергетика саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген. Атап айтқанда, бұл жылу желілеріне заңсыз қосылуға қатысты.
Салаға енгізілетін мониторинг оның ағымдағы жай-күйін нақты түсінуге және дамуды сапалы болжауға, қажетті шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің (жылу сорғылары, биоотын қазандықтары, артық жылу) энергия тиімділігін арттыру жөніндегі нормалар да қарастырылған.
Ілеспе заң жобалары қолданыстағы заңнаманы жаңадан әзірленген «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасына сәйкес келтірумен қатар, электр энергетикасы саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нормаларды да қамтиды.
Әңгіме Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы мен теңгерімдеуші нарық тетіктерін жетілдіру жайында болып отыр. 2023 жылғы 19 сәуірде «Әкімшілік реформалар туралы» заң шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіле отырып, Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы және электр энергиясының теңгерімді нарығы тетіктерін енгізуге бағытталған түзетулер қабылданған болатын. Дегенмен бұл механизмдер нақтылауды қажет етеді.
Сонымен қатар ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатында депутаттардың бастамасымен жаңа өндіруші қуаттарды салуға бағытталған түзетулер қарастырылуда, бұл әлеуетті инвесторларды іріктеу бойынша тендерлік рәсімдерді жетілдіруді талап етті.
Ілеспе заң жобасының маңызды аспектісі – Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің өкілеттілігін күшейту. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама бизнес мүдделерін қорғау мақсатында бақылау функцияларын шектейді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, ел тіршілігін қамтамасыз ететін осы маңызды салада бақылаудың жоқтығы үлкен апаттарға әкелуі мүмкін. Екібастұз, Риддер, Теміртау және басқа қалалардағы жағдайлар мұны растап отыр.
Заң жобасында реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды тарату бөлігінде электр энергиясының бөлшек сауда нарығын дамыту тәсілдерін қайта қарау нормалары да қарастырылған. Бұл осы тетік енгізілген сәттен бері 20 жыл бойы ЭЖҰ қызметі әсерінің болмағандығынан жасалып отыр.
Аталған реформа сектордан қаражат алуды тоқтатуға мүмкіндік береді, бұл оның жұмыс істеуі мен дамуына оң әсер етуі тиіс. Реттелетін бағаларға қайтару энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тариф белгілеуінің ашықтығын қамтамасыз етуге, нарықтағы алыпсатарлықты жоюға және сараланған тарифтерден жоспарлы түрде бас тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Негізгі және ілеспе заң жобалары жылу және электр энергетикасы субъектілері үшін жаңа цифрлық платформа енгізуді де көздейді. Бұл, соның ішінде, сектор жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге көмектеседі.
#Заң жобаларыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу