Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру: Сенатта «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы мақұлданды 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде Үкімет әзірлеген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын ҚР Парламенті Сенаты ілеспелі түзетулермен бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң отандық ғылымды дамытуға және ғылым жетістіктерін ел экономикасының түрлі салаларына енгізуге бағытталған. Онда өндіріске инновациялық шешімдерді әзірлейтін және енгізетін компанияларды мемлекеттік қолдаудың көптеген шаралары қарастырылған. Оның ішінде бизнес салымдарының 150% мөлшерінде салық шегерімдері түрінде преференциялар бар. 

Мұндай ынталандыру инвесторларды жоғары қосылған құны бар ғылымды қажет ететін өнім өндірісіне инвестиция салуға жүйелі түрде ынталандыруға мүмкіндік береді. Бұл, сайып келгенде, республика экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Сонымен қатар бірқатар құқықтық олқылықтарды жою, ғылыми кадрлар даярлау, олардың әлеуметтік жағынан қорғалуын нығайту, корпоративтік басқаруды енгізу үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ ғылымды дамытудың басқа да маңызды мәселелерін шешу жоспарланған.

Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бағдарламаларын іске асыру тұрғысынан Ғылым қорының функционалын күшейту көзделген. Сондай-ақ Ұлттық ғылым академиясын еліміздің бірден-бір жоғары ғылыми ұйымы мәртебесін бере отырып қайта форматтау жоспарда бар.

Жалпы, аталған заңның қабылдануы отандық ғылымды одан әрі дамыту бойынша Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

#Заң жобалары

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу