«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін оңтайландырады

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру бойынша шаралар кешені қаралды.

ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік қызметтерді Мемлекеттік корпорацияға өткізу жұмыстары туралы айтып берді. 12 мамырда ведомствоаралық комиссия отырысында мемлекеттік қызметтердің 37 түрін, соның ішінде 27 «қағаз» бойынша қызмет көрсетуді Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын 548 қызмет түріне қосу туралы шешім қабылданды. Стандарттарға өзгерістер енгізілгеннен кейін, тағы 48 қызмет түрі баламасыз негізде тек Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын болады, бұл азаматтардың қызмет көрсетушілермен байланыс орнатуын шектеуге бағытталған.

Сонымен қатар, азаматтардан талап етілетін құжаттар санын қысқарту жұмыстары жалғастырылып жатыр. Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша, 2016 жылы тек 5 мемлекеттік қызмет түрі бойынша (мекен-жай анықтамасы, жылжымайтын мүлiкінің жоқтығы туралы, тіркелген құқықтар туралы, зейнетақы аударымдары туралы және сотталмағаны туралы анықтама) 18 млн-ға жуық электронды анықтама алынған. Оларды қағаз түрінде талап етуді шектеу қазақстандықтардың материалдық шығындарын айтарлықтай қысқартып, оған уақыт жұмсамауға және ХҚКО-ларда халықтың көптеп жиналуын төмендетуге ықпал етеді.

Сондай-ақ, жеке ұйымдар мен үшінші тұлғалар үшін жеке мәліметтерді электронды үкіметтің веб-порталы арқылы алу тетігі іске қосылатын болады.

Бұдан өзге, электронды үкіметтің веб-порталында 1 шілдеден бастап ЭЦҚ-сыз алуға болатын 20 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді болады. Алдағы уақытта бір реттік құпия сөз немесе логин негізінде ұсынылатын қызметтер түрі ұлғайтылады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу