28 Наурыз 2017, 05:04
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында 2016 жыл қорытындысы бойынша 2015-2019 жылдарға арналған Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы жөніндегі мәселелер қаралды.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, барлығы Бағдарлама мен оны іске асыру бойынша Шаралар жоспарында 4 мақсатты индикатор және 10 нәтижелер көрсеткіші қарастырылған.
Бағдарламада жоспарланған 10 нәтижелер көрсеткішінің 2016 жыл қорытындысы бойынша 8-і жүзеге асырылған. Нәтижесінде дәстүрлі секторлардағы кәсіпорындарды жаңғырту есебінен қолданыстағы өндірістерді жаңғырту мен кеңейту бойынша, жалпы сомасы шамамен 68,7 млрд теңге болатын, еліміздің 7 өңірінде 10 жоба іске асырылған.
Ірі сала құрушы жобаларды іске асыру арқылы индустриялды өсімнің жаңа орындарын құру аясында өңдеуші өнеркәсіптің 4 секторында (металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, құрылыс индустриясы) жалпы сомасы 154,9 млрд теңгеге 6 жаңа ірі өндіріс құрылды, сонымен қатар ауқымды жобаларды іске асыру үшін, Global-2000/ТНК құрамындағы компаниялар тізімінен 7 инвестор тартылды.
Тиімділігі жоғары индустриалды кәсіпкерліктің пайда болуына жағдай жасау аясында еліміздің 13 өңірінің 46 кәсіпорнына еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған, жалпы сомасы 379,9 млн теңге болатын мемлекеттік қолдау көрсетілген.
«Жалпы, 2016 жыл қорытындысы бойынша, Бағдарламаның индикаторлар мен нәтижелер көрсеткішінің жүзеге асырылу деңгейі 84,6 %-ды құрады», - деді Ж. Қасымбек.
Өңдеуші өнеркәсіптің 2015 жылмен салыстырғандағы 2016 жылғы нақты өсімі 12 өңірде байқалған, өсім қарқыны бойынша көш басындағылар: Ақтөбе облысы (115,8%), Қызылорда облысы (115%), Маңғыстау облысы (110,9%). Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 2015 жылдан 2016 жылға қарай барлық өңірде өскен.
«2016 жылдың қорытындысы бойынша Шаралар жоспарының тармақтарын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың іске асыру деңгейі 97,6%-ды құрады», - деді министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу