ҚР Үкіметі әуежайларды дамыту мен ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру мәселелерін қарады
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов селекторлық режимде кеңес өткізіп, онда әуежайларды дамыту мен ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру мәселелері қаралды.
Саланың жағдайы туралы баяндаған ҚР көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев ИКАО техникалық бюросы мамандарымен бірлесіп жүргізген жұмыстарының нәтижесінде қолданыстағы заңнамаларға, 40-тан астам өзгерістер енгізу жоспарланып отырғанын, олардың басым бөлігінің сертификаттау мен ұшу қауіпсіздігін тұрақты қадағалауға қатысты екенін, сондай-ақ халықаралық тәжірибе негізінде ұшу қауіпсіздігінің ұлттық бағдарламасы дайындалатынын атап көрсетті.
А.Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, бағдарламаның нәтижесінде азаматтық авиация саласы қызметінің одан әрі қауіпсіздігі үшін заңнамалық база жасалатын болады, ұшу қауіпсіздігін бақылау мен қадағалау жүйесі, сондай-ақ ИКАО талаптарына сәйкес авиациялық әкімшілік құрылады.
Министр сонымен қатар Үкімет басшысына ИКАО сарапшыларымен бірлесіп коммерциялық тасымалмен айналысатын барлық отандық әуе компаниялары мен әуе кемелерін қайта сертификаттау жоспарланып отырғанын хабарлады.
Саланың проблемаларын санамалай келе, А.Жұмағалиев ұсынылатын қызметтер сапасының төмендігін, ұшып-қону алаңдарының тозғандығын, терминалдардың өткізу қабілетінің шектеулілігін, рейстер жиілігінің аздығын, авиацияға арналған отынның тапшылығы мен бағасының қымбаттығын бөле атады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, осы кездері бірегей оператор - басқарушы компания құрылуда, ол бүкіл мемлекеттік әуежайларды шоғырландырып, көрсетілетін қызметтер сапасын көтеру, оның ішінде халықаралық стандарттарды енгізе отырып, арттыру мәселелерін қарастыратын болады, деді министр.
Ол сонымен бірге өткен жылдары ұшып-қону алаңдарын жаңғырту бойынша үлкен жұмыстар жасалғанын айтты.
«Осы жылдың соңына дейін Талдықорғандағы ұшып-қону алаңын жөндеп бітіреміз, Тараз қаласы бойынша бір ай ішінде конкурстық процедуралар өткізіп, құрылыс жұмыстарын бастап, оны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал, Қостанай,
Семей, Петропавл қалаларына қатысты ТЭН әзірленіп, үстіміздегі жылы ЖСҚ дайындауды жоспарлаймыз»,- деді министр.
Әуежайларды дамыту жөнінен кешенді шаралар қабылдау нәтижесінде 2016 жылға қарай 18 әуежайлардың бәрі ИКАО категорияларына сәйкес келіп, Астана мен Алматы әуежайларының өткізу мүмкіндігі 2 есеге артып, жыл сайынғы жолаушылар тасқынының өсімі кемінде 10%-ды құрайтын болады, деп сөзін түйіндеді А.Жұмағалиев.
Кеңесті қортындылаған С.Ахметов азаматтық авиацияны дамыту бойынша көлік және коммуникациялар министрлігі мен басқа да мүдделі органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз