ҚР Үкіметі Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы жобасын бекітті

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы мәдениет министрі А.Мұхамедиұлы мәлімдеді.

«Әр жыл сайын мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының саны артып келеді. Егер 2011 жылы олардың саны 130 болса, 2013 жылдың бірінші тоқсанында мұндай орталықтардың саны 350-ден асты. Жеке меншік бизнестің осы салаға қызығушылық танытатындығы қуантады», - деді А.Мұхамедиұлы.

Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру барысы және міндетті медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері туралы баяндады.

Мемлекеттік бағдарлама бағыттарының бірі профилактикалық іс-шараларды, скринингтік зерттеулерді күшейту, диагностиканы, емдеуді жетілдіру, негізгі әлеуметтік-маңызды аурулар мен жарақаттарды сауықтыру болып табылады. Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында тексеру жұқпалы емес ауралардың барлық түрлері бойынша жүргізіледі, қамту халықтың 30%-дан астамын құрайды.

«11 скринингтік бағдарламадан алтауы онкологиялық ауруларды ерте кезеңде диагностикалауға бағытталды. Бағдараламаны жүзеге асырудың 3 жылында 25 млн астам зерттеу жүргізілді, 4,7 млн астам ауру анықталды», - деп хабарлады С.Қайырбекова.

Ағымдағы жылдың 18-20 маусымына жоспарланған Оңтүстік Корея Президенті Пак Кын Хенің мемлекеттік сапарына дайындық барысы туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Алексей Волков мәлімдеді. Сапар барысында елдің жоғарғы басшылығымен келіссөздер, Қазақстан-Корея бизнес-форумын өткізу, бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.

Сондай-ақ, ҚР Үкіметі Қаулысымен Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасының жобасы бекітілді, оны өңірлік даму министрі Болат Жәмішев таныстырды.

ҚР индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау энегрия үнемдеуді дамыту, энергия тиімділігін арттыру және шикізаттық емес экспортты дамыту, жылжыту мәселелері бойынша баяндады.

Жастар саясатын жүзеге асыру барысы туралы ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу