Премьер-министр Олжас Бектеновтің Республика күнімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

Сіздерді ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен бәріміз бір ел болып, ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асырдық.

Егемендіктің берік тұғырына айналған жаңа Конституциямыз заңды күшіне енді, мемлекеттік билік жүйесі заман талабына сай қайта жаңғырды. Жаңа саяси институттар – бір палаталы Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі өз жұмысын бастады.

Қазақстан азаматтарының жасампаз рухының арқасында бірегей саяси оқиғаларды жауапкершілікпен әрі жоғары ұйымшылдықпен атқарып, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аса маңызды бастамаларды қолға алдық. Ұлтымыздың жарқын болашағына бағытталған ортақ іске барша жұртымыз бір кісідей жұмылды.

Егемендік – біздің ең асыл құндылығымыз. Тәуелсіздікті қастерлеп, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру Мемлекет басшысы айқындаған Әділетті, Озық, Күшті әрі Таза Қазақстанды құру жолындағы түпкі мақсатымыз болып қала бермек.

Халқымыздың асқақ болмысын паш ететін ұлық мейрам ұлтты ұйыстырып, бірлігімізді бекемдеуге өлшеусіз үлес қосады.

Елдіктің іргесі мықты, еңсесі биік болсын.

Баршаңызға мықты денсаулық, баянды бақ-береке тілеймін!

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу