14 Желтоқсан 2016, 12:41
Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяхудің ресми сапары аясында өткізіліп жатқан Қазақстан-Израиль бизнес-форумының жұмысына қатысты.
Өз сөзінде Б. Сағынтаев Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасау бойынша үлкен жұмыстың атқарылып жатқанын айтып өтті. Бұдан өзге, ҚР аумағында бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасайтын арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтар бар.
ҚР Премьер-Министрі екі ел ынтымақтастығының басым бағыттары инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, жаңа технологиялар және инновациялар екенін атап өтті. Сондай-ақ, Б. Сағынтаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ынтымақтастықтың үлкен келешегі ашылып жатқанын айтты.
«Бұл мәселедегі Израильдің үлкен тәжірибесін есепке алғанда, біз сіздермен бірге жұмыс істеуге дайынбыз, және де тек ірі инвестициялық жобалар аясында ғана емес, сонымен қоса шағын және орта бизнес аясында да, осы тетікті Қазақстанға инвестиция құюда қолдана отырып жұмыс істеуге шақырамыз», - деді Б. Сағынтаев.
Сөзін қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрі өткізіліп жатқан форумның Израиль мен Қазақстан бизнесінің өзара іс-қимылы үшін жаңа бағыттарды ашатынын айтып өтті.
Айта кету керек, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Израиль азаматтары үшін визасыз тәртіп орнатпақ.
Анықтама:
Қазақстанда 2016 жылғы 1 қарашадағы есеп бойынша Израиль капиталының қолданылуымен 112 кәсіпорын қызмет етеді. Израильдан Қазақстан Республикасына тікелей шетел инвестицияларының құйылуы 2005 жылдан бастап биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында 214 млн долларды құраған.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу