ҚР Премьер-Министрі Алматы облысындағы кісі өліміне қатысты істі айрықша бақылауға қойды

Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысы кезінде ішкі істер министріне атышулы істің тергелуін жеке бақылауына алуды тапсырды.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Премьер-Министрге Алматы облысында өлтірілген үш ағайындының өлімінің тергелу нәтижелері туралы баяндады. Қазіргі таңда күдіктілер ұсталған.

«Біз қылмыскерлерді анықтадық, олар Жамбыл облысының екі тұрғыны болып шықты. Қазір қылмыскерлер ұсталды, сот сараптамасы тағайындалды, бүгін қаза болғандар жерленеді. Олардан мал алынды, қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізілуде», – деп есеп берді Қ. Қасымов.

«Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыспен күрес – маңызды міндет. Біз бұл мәселені жеке отырыста қарастыратын боламыз», – деді Премьер-Министр, Кеңсесіне сәйкес тапсырмалар бере отырып.

Еске салайық, 18 қыркүйекте ағайынды үш ер адам мал сату үшін Ұзынағаш базарына барған, алайда үйлеріне оралмаған. Туысқандары полицияға арызданған.

Алматы облысы ІІД-нің мәліметтері бойынша ағайындылардың өлі денелері табылған. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу