Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы: Қазақстанда республиканың энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтың, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың және «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 

Санжар Жаркешов баспасөз конференциясы барысында Қазақстанда көмір тапшылығы жоқ екенін және жылыту кезеңіне дайындық мұқият жүргізілгенін атап өтті. Бүгінгі таңда 5,6 млн тонна көмір қоры бар, шамамен 153 мың тонна мазут жинақталған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 33%-ға артық. Бұл ретте жылыту маусымынан сәтті өту үшін қорлар толықтырыла береді.

Энергетика вице-министрі сондай-ақ елдегі дизель отыны мен бензинмен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты, оның тапшылығына алғышарттар жоқ деп атап өтті. Санжар Жаркешов елімізде бүгінде 741 мың тонна дизель отыны мен АИ – 92 бензині бар екенін, бұл қорлар жеткілікті екенін хабарлады.

Өз кезегінде Нәби Айтжанов республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Ол энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында KEGOC 2035 жылға дейін Ұлттық электр желісін дамыту жөніндегі стратегия әзірлегенін, ол генерациялау нысандарын іске қосу жоспарымен толық келісілгенін атап өтті.

Стратегияға энергия жүйесінің өткізу қабілетін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін біріктіруге бағытталған 10-ға жуық жоба енгізілген.

Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» АҚ инвестициялық жобалар портфелінде 30-дан астам жобаны жүзеге асыру көзделгенін, оның 18-і 2035 жылға дейін жаңа өндіруші қуаттарды 11,6 гигаваттқа дейін салуға бағытталған ірі жобалар екенін атап өтті. Компания электр энергиясын өндірудің барлық бағыттары: газ, көмір, жаңартылатын және гидроэнергетика бойынша жобалар кешенін жүзеге асырады.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу