Биыл вагондарды жаңарту пойызға билет пен орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізеді

Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында көлік министрі Марат Қарабаев вагондарды жаңарту туралы жоспармен бөлісті. Бұл шара әсіресе, жаз мезгілінде туындайтын билет пен орын тапшылығы мәселесін шешуге сеп болмақ. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Қазақстан Темір Жолы» ҰК иелігінде 2 667 вагон бар. Алайда бұл жолаушылардың сұранысын қанағаттандыруға жеткіліксіз.

«Вагондар әбден ескірген. 30%-ға жуығы 25 жылдан астам қолданыста, кондиционері жоқ. Сол себепті жыл сайын жаз мезгілінде біз вагондардың бірқатарын айналымнан шығаруға мәжбүрміз», — деп түсіндірді Марат Қарабаев. 

Биыл 140, келер жылы 224, ал 2026 жылы 250-ден астам жаңа вагон жеткізу жоспарланып отыр. Осылайша, 2026 жылға қарай Ұлттық компаниядағы вагон саны 3 мыңға жетеді. Бұл, өз кезегінде, билет пен орын тапшылығына қатысты жағдайды жақсартпақ. 

Сондай-ақ министр келісімшарт жасасқан сәттен бастап, жаңа вагонды қолданысқа енгізуге дейінгі процеске бір жарым жылдан астам уақыт кететінін, сол себепті вагондарды жаңарту – ұзақмерзімді және стартегиялық маңызды жоба екенін атап өтті. 

«Қазір қарқынды түрде Қазақстан тәуелсіздігі жылдарынан бергі вагондар жаңартылып жатыр», — деп түйіндеді сөзін көлік министрі.

#Брифинг #Көлік #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу