Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру барысына арналған Үкіметтің баспасөз мәслихатындағы негізгі қорытындылар

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыру барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Баспасөз мәслихатына жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрлеріі Ростислав Коняшкин пен Бақтияр Мұхаметқалиев, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Дархан Мырзабаев, сондай-ақ қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов қатысты.

ЖИ адамды алмастыру мақсатында емес, еңбек тиімділігін арттыру үшін енгізіледі

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиев жасанды интеллектінің мақсаты адамды алмастыру емес, еңбек тиімділігін арттыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа технологияларды белсенді қолданатын мамандар еңбек нарығында сұранысқа ие бола түседі.

«Жасанды интеллектіні кәсіпорындарға тікелей енгізу арқылы еліміздің экономикасын дамыту маңызды. Жасанды интеллект адамды алмастырады деп алаңдаудың қажеті жоқ. Замана көшінен қалмай, керісінше озық жүруге, жаңа технологияларға бейімделіп қана қоймай, қажет болса оларды өзіміз әзірлей білуіміз қажет. Алдағы уақытта қызметкерлерді жаппай алмастыру жоспарланып отырған жоқ», — деп түсіндірді ол.

Мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин бұл халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлерін жаппай қысқартуды көздемейтінін атап өтті.

«Қазіргі таңда “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік қызмет көрсету саласында ғана емес, мемлекет пен халық арасындағы коммуникациялар бағытындағы да құзырет орталығына айналып келеді. Қызметкерлердің бір бөлігі бизнес-процестерді талдау және қайта жобалау бағыттары бойынша қайта даярлануда. Қызметкерлерді жұмыстан босатуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Сондықтан бұл бағытта ешқандай мәселе туындамайды», — деп түсіндірді ол.

Қазақстанда азаматтардың дербес деректерін қорғау күшейтілуде

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі дербес деректерді қорғау бойынша реттеушілік шараларды қабылдап жатыр. Бұл туралы ведомствоның Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Үмітжан Арықбекова мәлімдеді.

«Қазірдің өзінде барлық мемлекеттік жүйелер қосылған дербес деректерге қолжетімділікті бақылау сервисі жұмыс істейді. Сондай-ақ микроқаржы ұйымдарын осы сервиске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл азаматтарға өздерінің дербес деректерін қандай ұйымдардың пайдаланатынын білуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 21-бабында азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілген.

Салықтық әкімшілендіруді цифрландыру

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов салық декларациясы кезінде қосымша табыс көздерін растау тәртібін нақтылады. Нақты шығыстар мәлімделген кірістерден асып кеткен жағдайда, азаматтар қаражаттың балама көздерден заңды түрде түскенін растай алады.

«Салық комитеті ақшалай қаражат туралы деректерді салыстырады. Егер сізде басқа кіріс көздері болса, салық есептілігінің нысанын тапсырып, кіріс көздерін көрсету арқылы айырмашылықты растай аласыз. Әрине, егер айырмашылық айтарлықтай болса, кіріс көздері көрсетілмесе, бірақ сонымен қатар жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да мүлік пайда болса, сұрақтар туындайды», – деп түсіндірді ол.

#Баспасөз конференциясы #Цифрландыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу