Елімізде 8 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғырту жоспарлануда

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың және ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Ерсайын Нағаспаев баспасөз мәслихаты барысында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы қабылданғанын хабарлады. Ұлттық жоба шеңберінде өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 8 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау және су бұру желілерін жаңғыртуды жоспарлап отыр.

Аталған құжатты жүзеге асыруды бастау 2025 жылдың екінші жартысына белгіленген. Министр жоба 2029 жылға дейін есептелгенін нақтылап өтті. Бұл мақсаттарға шамамен 13 трлн теңге бағыттау көзделген. Бүгінгі таңда министрліктің өз ішінде бірыңғай оператор анықталды, ол – ТКШ орталығы. Жеткізуіп берушілерді іріктеуге арналған конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар әзірлену үстінде.

Өз кезегінде ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов ұлттық жобаны іске асыруға ұзақ мерзімді инвестициялар тартылатынын және оның бюджет қаржысына қатысы жоқ екенін айтты. Қаржыландыру ұлттық институттар арқылы да, халықаралық институттар арқылы да жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда 120 млрд теңгеге жылуға қатысты 28 жоба, электр желілері бойынша 46-ға жуық жоба іріктелді.

Жобаны жүзеге асыру желілердің тозуын 2029 жылға қарай 40%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу