12 Мамыр 2026, 16:35
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатына су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров, ауыл шаруашылығы вице-министрлері Азат Сұлтанов пен Аманғали Бердалин, сондай-ақ экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев қатысты.
Жиында көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы баяндаған Азат Сұлтанов жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайтынын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық екенін жеткізді. Сондай-ақ майлы дақылдар алқабы 4 млн гектардан асса, ал мал азығы дақылдары 3,3 млн гектарға жеткен.
Өңдеу саласын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгері алқабы 265 мың гектарға дейін кеңейтілді, ал ұйымдасқан шаруашылықтардағы картоп егістігі 10 мың гектарға ұлғайтылмақ.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары үздіксіз жалғасын тауып келеді. Осыған байланысты биыл бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды. Сонымен қатар су ресурстарына түсетін жүктемені азайту мақсатында күріш алқабы 20,2 мың гектарға оңтайландырылды. Ал тамшылатып суару тәсілі енгізілген мақта алқабы 29,8 мың гектарға артады.
Бекітілген егіс құрылымы қажетті өнім көлемін қамтамасыз етуге және сыртқы нарықтағы сұраныс жағдайын ескеруге мүмкіндік береді.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 2026 жылғы көктемгі су тасқыны қаупі бар кезеңде және вегетацияаралық маусымда су ресурстарын реттеу бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде биылғы су тасқыны қаупі жоғары кезең қалыпты түрде өтіп, еліміздегі су қоймалары жоспарлы деңгейге дейін толтырылды, гидротехникалық құрылыстарда төтенше жағдайлар тіркелген жоқ.
Сонымен қатар қарғын судың айтарлықтай бөлігі көл сағалары мен ойпаң аумақтарға жіберілді. Бұл бірқатар өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу