10 Маусым 2025, 18:30
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Абулхатинның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз мәслихаты барысында Виктория Шегай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы саясатты жетілдіру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда мерзімінен бұрын немесе кейінге қалдырылған зейнетке шығу тетігін енгізу мәселесі талқылануда. Спикер бұл мәселені кешенде қарастырған жөн және оны іске асыру қолданыстағы зейнетақы жүйесін айтарлықтай өзгертуді талап ететінін атап өтті. Сондықтан зерттеулер мен есептеулер жүргізу қажет.
Ол Қазақстанда көп деңгейлі зейнетақы жүйесі құрылғанын және республикалық бюджеттен жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері жиынтық зейнетақының құрамдас бөліктерінің бірі ғана екенін айтты.
Сондай-ақ вице-министр елімізде жыл сайын балалы отбасыларды қамтамасыз етуге шамамен 1,7 трлн теңге жұмсалатынын хабарлады.
Өз кезегінде Ерболат Абулхатин республикада өндірістегі еңбек жағдайларын жақсарту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, осы жылдың басында жұмыс берушілердің қауіпсіздік техникасын сақтағаны үшін жауапкершілігін арттыруға бағытталған заңнамаға өзгеріс енгізілді. Мұндай бұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері ұлғайтылды. Биыл өндірістегі еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған заңнамалық өзгерістердің қосымша пакеті дайындалды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу