26 Ақпан 2025, 18:01
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, ҚР әділет вице-министрлері Ботагөз Жақселекова мен Бекболат Молдабековтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Брифинг барысында Ерлан Сәрсембаев қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары бірнеше ай бойы Instagram-да отандық орындаушылардың музыкасын пайдалана алмай отырғанын мәлімдеді. Бұл мәселе Қазақстанның авторлық қоғамы KazAK пен Meta компаниясы арасындағы келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты туындаған.
Әділет министрінің айтуынша, бұл мәселе толықтай құқық иеленушілер мен платформалар арасындағы келісімшарттық қатынастар шеңберінде қарастырылуы тиіс. Бүгінгі таңда ұжымдық авторлық құқықтарды басқару бірлестігіне кіретін кез келген ұйым Instagram, Meta секілді платформалармен келісім жасайды. Былтыр күзде аталған шарттық қатынастар тараптардың бірінің бастамасымен бұзылған. Қазіргі уақытта Қазақстандағы осындай 15 ұйымның бірі Meta-мен жаңа келісім бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Ерлан Сәрсембаевтың айтуынша, Әділет министрлігінің міндеті – бұл қатынастардың құқықтық алаңда жүзеге асуына мүмкіндік жасау.
Сондай-ақ министр ведомство авторларға өз еңбектерінің қолданылуын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық платформа әзірлеп жатқанын атап өтті.
Ерлан Сәрсембаев елімізде сот орындаушы-робот арқылы жеңілдетілген іс жүргізуді дамыту жалғасатынын айтты. Робот арқылы талап қою сомасын 20 айлық есептік көрсеткіштен 40 АЕК-ке дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл азаматтардың қаржы шығындарын азайтуға септігін тигізбек.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу