29 Сәуір 2025, 17:30
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Ақмарал Әлназарова баспасөз мәслихатында 2026 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар дәрі-дәрмек пен медициналық қызмет түріне қосылған құн салығының төмендетілген 5% мөлшерлемесін белгілеу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметтері аясындағы қызметтер көлемі ҚҚС-дан толығымен босатылатыны атап өтілді. Меншік нысанына қарамастан, ҚҚС-дан босатылатын дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтердің тізбесі қалыптастырылады. Бұл көбінесе сатып алынатын дәрі-дәрмектердің әлеуметтік аса қажетті тізімі және бүгінгі күні жеке медициналық ұйымдарда көрсетілетін медициналық қызметтер. Мысалы, паллиативтік және онкологиялық көмек мәселелері.
Сондай-ақ министр еліміздегі жедел жәрдем қызметкерлерін қорғау мәселесі туралы айтты. Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлеріне кәсіби қызметін атқару кезінде шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігінің қолдауына ие болған ұсыныстарын енгізді. Медицина қызметкерлерін бейнежетондармен жабдықтау жоспарланып отыр.
Қуандық Қажкенов қала көшелеріндегі жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтарға жауап берді. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі хабарлағандай, жолдар мен жол жиектеріндегі жабындыларды ауыстыру жұмыстарын жалпы қабылданған нормативтік мерзімдер мен техникалық тексеру нәтижелеріне сәйкес жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Жолдарға күрделі жөндеу жүргізу мен реконструкциялау бойынша белгіленген өз нормативтері мен мерзімдері бар.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу