31 Шілде 2025, 13:27
Үкіметте Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың, сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың, энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың, көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысына баса назар аударылды.
Роман Скляр өз баяндамасында бірнеше саланың негізгі жетістіктері мен жоспарларын айтты:
Өнеркәсіпте бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі 28,9 трлн теңгеге жетіп, 6,5%-ға өсті. Бұл орайда өңдеу өнеркәсібін ерекше атап өтуге болады. Оның елдің ЖІӨ-дегі үлесі 12,4%-ды құрады.
Көлік инфрақұрылымына қатысты Роман Скляр аяқталу сатысында тұрған «Достық – Мойынты» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі теміржол жобаларын жүзеге асыру жалғасып жатқанын атап өтті. Келесі жылы «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал 2027 жылы «Бақты – Аягөз» аяқталады.
Мұнай-газ саласында бірінші жартыжылдықта 7,6 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Биыл 94 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз ете отырып, 62 млрд м3 газ өндіру жоспарлануда. Қыркүйек айында «Талдықорған-Үшарал» газ құбырын, ал келесі жылдың соңына қарай «Бейнеу – Бозой – Шымкент» МГ екінші желісін іске қосу күтілуде.
Энергетика саласында бірінші жартыжылдықта 62,2 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. 2028 жылға қарай шамамен 6700 МВт жаңа генерацияны енгізу жоспарланған, оның 620 МВт-ы биыл енгізіледі.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары биыл 19,2 млн м2 рекордтық тұрғын үй пайдалануға беріледі деп болжанатынын, оның 7,9 млн м2 6 айда іске қосылғанын атап өтті.
Роман Скляр Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары қатаң бақылауда екенін айтты.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу