Қазақстанда ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Ғани Бейсембаев мектептерде балалардың биометриялық деректерін жинау қаншалықты заңды екені туралы тілшілердің сұрағына жауап берді. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, биометриялық деректерді жинау жұмысы балалардың қауіпсіздігі мен мектепте жайлы орта қамтамасыз ету мақсатында жүргізілуде. Бұл іске жергілікті атқарушы органдар да атсалысып, мектеп оқушыларының толыққанды қауіпсіздігін қамтамасыз етудің түрлі жолын қарастыруда. Айта кету керек, балалар мен ата-аналар келісімінсіз деректер жиналмайды. Пилоттық жобалардың қорытындысы бойынша бұл жұмысты әрі қарай кеңейту қажеттілігі туралы шешім қабылданатын болады.

Сондай-ақ Ғани Бейсембаев елдегі ауыл мектептерінің саны 5 мыңнан асатынын, оның 2,7 мыңы шағын мектеп екенін хабарлады. Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасын жүзеге асыруда.

Өз кезегінде Қанат Шарлапаев 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енген автокөліктерді әкелу тәртібінің қазақстандықтарға қалай әсер ететінін түсіндірді. Министрдің айтуынша, автокөліктерді елге әкелу тәртібі 2015 жылдан бері қолданыста бар және ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Тек автокөліктерді сату үшін әкелген жағдайда, кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың заңды талаптарын орындап, тиісті алымдарды төлеуі қажет.

Қанат Шарлапаев доллар бағамының құбылуына байланысты мемлекет әлеуметтік тұрғын үй бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайтынын атап өтті. Бұл «Наурыз», «Отау» бағдарламаларына және жалға берілетін тұрғын үйлерге қатысты болмақ. Атап айтқанда, мемлекет бағалардың шекті деңгейін бақылауда ұстайды және былтырғы жылмен салыстырғанда өзгерістер болмайды деп күтілуде.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу