08 Қаңтар 2025, 17:43
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Тамара Дүйсенова Жұмысшы мамандықтар жылы аясында мектептердегі кәсіптік бағдар беру жұмысының тұжырымдамасы толықтай қайта қаралатынын мәлімдеді. 7-11 сыныптардағы 100 мыңнан астам оқушы арнайы курстан өтті. Мұнда оқушыларға өз өңірлерінде сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар 91 жоғары оқу орнында шамамен 900 оқу бағдарламасы жаңартылып, 510 жаңасы әзірленді.
Вице-премьер жұмыс берушілер оқу бағдарламаларын әзірлеуге және студенттерге практикалық дағдыларды үйретуге белсенді қатыса отырып, білікті кадрларды қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Энергетика саласындағы өндірістік қызметкерлердің жалақысын жыл сайын 15%-ға арттыру жоспарланып отырғаны атап өтілді. Бұл да жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Министрдің айтуынша, бүгінде республикадағы білім беру ұйымдары 100% қажетті жабдықтармен, соның ішінде бейнебақылау камераларымен және дабыл жүйесімен қамтамасыз етілген. 2024 жылы алғаш рет балалардың құқықтарын қорғау бойынша жеті заңнамалық акт, оның ішінде үш заң қабылданды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың істері жөнiндегi комиссиялар мен бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің қызметтері үлкен рөл атқарады. Қазірдің өзінде бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері көрініп отыр. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс азайып келеді. 2024 жылы осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Саясат Нұрбек Президенттің бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылын іске асыру аясындағы маңызды қадамдардың бірі – Жаңа мамандықтардың өңірлік атласын әзірлеу екенін атап өтті. Бұл тоғыз өңірдегі жұмыс берушілермен бірлесе әзірленді және болашақта қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын нақты анықтауға көмектеседі. Әр өңірде 18 жоғары оқу орны, 20 колледж және бірқатар кәсіпорынды қамтитын Құзыреттер орталықтары жұмыс істейді.
#Баспасөз конференциясыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу