Қазақстанда өнеркәсіптік кәсіпорындардың атмосфераға шығаратын зиянды қалдықтарын азайту бойынша жұмыс жүргізілуде және азаматтарды интернет-алаяқтардан қорғау күшейтілуде

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Ерлан Нысанбаев баспасөз мәслихатында өнеркәсіп кәсіпорындарының қоршаған ортаға теріс әсерін азайту шаралары туралы айтты. Министрдің айтуынша, бүгінде 91 кәсіпорын АМЖ (автоматты мониторинг жүйесі) орнату бойынша міндеттеме алды, бұл ең ірі ластаушылар, олардың 72-сі АМЖ орнатқан, қалғандары қосылу сатысында тұр. Кәсіпорындар қол жетімді ең озық техниканы белсенді түрде енгізе бастайды, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтуға және кәсіпорын қызметкерлері үшін еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Спикер бүгінгі таңда кәсіпорындарды зиянды қалдықтарды азайтуға міндеттейтін құжаттар нақты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Экологиялық рұқсат алу кезінде міндетті түрде ірі ластаушылардың міндеттемелерді орындауы қаралады.

Экология және табиғи ресурстар министрі журналистердің Тұран жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру жобасын іске асыруға қатысты сұрақтарына да жауап берді. Атап айтқанда, Ерлан Нысанбаев Ресейден Амур жолбарыстарын әкелу биылға жоспарланғанын хабарлады. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін Қазақстанға Ресейден 3-4 жолбарыс әкелінеді деп күтіліп отыр. Бұл жолбарыстар шамамен 2-2,5 ай бойы жеке қоршауда болады да кейіннен табиғатқа жіберіледі. Сондай-ақ, спикер бұдан бұрын Қазақстанға әкелінген Амур жолбарыстарының жағдайы туралы айтты. Министрдің айтуынша, Амур жолбарыстары жергілікті жағдайға жақсы бейімделген және аязға төзімділігінің арқасында қыс мезгілінде еркін тіршілік кешіп жатыр.

Өз кезегінде Асхат Оразбек ведомствоның халықты интернетке қол жеткізуін қамтамасыз ету жөніндегі жоспары туралы хабарлады. Оның айтуынша, министрліктің алдында жақын арада 3 мың ауылға интернет жеткізу міндеті тұр. 500 елді мекенде интернет спутниктік байланыс арнасы арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ, ведомство алдында 100 мегабиттік арналарды үй шаруашылықтарына жеткізу міндеті тұр. Нәтижесінде Қазақстанда әрбір ауылда, үй шаруашылығында сапалы интернетке қолжетімділік қамтамасыз етіледі. ЦДИАӨМ бұл жұмысты 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Ол сондай-ақ азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғау жұмыстары туралы айтты. Атап айтқанда, вице-министрдің айтуынша, бүгінде шетелден келетін әдейі ауыстырылатын барлық қоңыраулар елімізде бұғатталуда. Ұялы байланыс арналары арқылы интернеттен қоңырау шалу және нөмірді қазақстандық сияқты ауыстыру мүмкін емес. Мессенджерлер үшін жағдай қиынырақ, өйткені тасымалдаушылар есептік жазбаны бұғаттай алмайды, өйткені оған қол жеткізе алмайды. Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп онлайн-платформалармен тиісті жұмыс жасалуда. Азаматтардың өтініштері бойынша онлайн-платформалардың әкімшіліктеріне жүгінеді және тиісті аккаунттарды бұғаттау жүргізілетін болады.

Сондай-ақ азаматтарды интернет-алаяқтықтан қорғауды күшейту жөніндегі заңнамаға түзетулер қаралуда.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу