Қазақстанда туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің өсуі байқалады

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Ербол Мырзабосынов елімізде туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалғанын атап өтті: орналастыру орындарындағы туристер саны 12%-ға артып, 10 млн адамнан асты. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық индексінде Қазақстан 66-дан 52-ші орынға көтеріліп, өз позициясын жақсартты. Алдымыздағы мақсат – Топ-50 елге кіру.

Жұлдыз Сүлейменова 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Оның айтуынша, тұжырымдама Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және салалық министрліктермен бірлесіп дайындалған және балалардың құқықтарын қорғау саласында қабылданатын шаралардың дәйектілігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ол қауіпсіздік, білім беру, денсаулық сақтау, отбасы құқығы және әлеуметтік қорғау сияқты салалардағы балалардың құқықтарын қамтитын төрт негізгі бағытты қамтиды. Тиімділікті бағалау үшін 10 индикатор, ал жүзеге асыру үшін 158 іс-шара көзделген. Қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу