Қазақстанда жолаушылар вагондарының паркі жаңартылады және жол саласы жобаларын жүзеге асыру үдерісіне цифрлық құралдар енгізіледі

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша көлік министрі Нұрлан Сауранбаев пен «Қазақстан темір жолы» ҰК»  АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Баспасөз мәслихаты барысында Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда автожол саласындағы барлық жобалар «Цифрлық теңге» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылатынын хабарлады.

Қаражатты мақсатсыз пайдалануға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі сұраққа жауап бере отырып, Нұрлан Сауранбаев теміржолда ірі жобаларды іске асыру Цифрлық теңгеге аударылғанын және қаржыландырудың барлық үдерісін Ұлттық банк реттейтінін айтты.

Бұл қаражаттың тек мақсатына сәйкес жұмсалуын қамтамасыз етеді. Автожол жобалары бойынша Павлодар мен Атырауда пилоттық жоба іске қосылды. Жақын арада автожолдар бойынша барлық жобаларды цифрлық теңге арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Спикер осы жүйенің нәтижесінде қаражатты аударудың барлық үдерісі ашық және қадағаланатынын түсіндірді. Мұның барлығы Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп бақыланатын болады.  

Талғат Алдыбергенов 2030 жылға дейін ҚТЖ жолаушылар вагондарының паркі толығымен жаңартылатынын хабарлады. Компания паркті жаңартудың үлкен бағдарламасын қабылдады. Жаңа вагондардың мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кондиционері мен купесі болады.

Сондай-ақ жазғы туристік маусымда ҚТЖ қосымша 11 жолаушылар пойызын іске қосқаны атап өтілді, бұл қосымша 300 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік берді. Балқаш, Алакөл, Бурабайға қосымша поездар іске қосылды.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу