Құтқарушылар қызметіндегі заманауи технологиялар. Ведомство басшылары өрт, су тасқыны және туристерді іздеуде қолданылатын хабарлау жүйелері туралы айтып берді

Үкімет үйінде Үкімет отырысының қорытындысы бойынша кезекті брифинг өтті. Оған туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов қатысты.

Өрт қаупі жоғары аудандарда 19 әуе кемесі сақадай сай тұр. Бұл туралы Экология министрлігінің басшысы, тілшілер сұрақтарына жауап беру барысында айтты. Бұдан бөлек, ведомство басшысы Семей Орманындағы өрттен кейін мұндай апаттардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны жайлы, мониторинг және өртті ерте анықтау үшін заманауи технологияларды қолдану мәселелері жөніндегі сұрақтарға жауап берді.  

ТЖ вице-министрі су тасқынын алдын ала болжайтын цифрлық жүйе туралы жан-жақты айтып берді. Сонымен қатар ол «Атырау МӨЗ-ін су басу қаупі бар ма?» деген сұраққа жауап берді. Ал су тасқынынан келген жалпы шығын сомасы туралы айтуға әлі ерте деді ол. Зардап шеккен көптеген аймақта су әлі кетпегендіктен, шығын көлемін есептеу басталмаған. Сондай-ақ Бауыржан Сыздықов төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жаңа құралған комитет жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Ермек Маржықпаев туристерге арналған SOS-түймешесі туралы және бұл отандық жүйе интернет қамтылмаған жерлерде қалай жұмыс істейтіні жөнінде баяндады. Сонымен қатар туризм және спорт министрі инфрақұрылымы дамыған ТОП-20 бағытты дамыту бойынша жоспарлар мен алдағы Олимпиадада медаль алу болжамы, спортшылардың киімі сапасы, ұлттық құраманың құрамы туралы айтты.

#Брифинг #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу