Президент Жолдауында берілген тапсырмалар шеңберіндегі Үкіметтің экономиканың нақты секторын дамыту туралы баспасөз конференциясының негізгі қорытындылары
Баспасөз конференциясына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен компаниялардың басшылары қатысты.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев инфрақұрылымды жаңғырту, көлік әлеуетін, энергетикалық кешенді және еліміздің өнеркәсіптік секторын дамыту туралы хабарлады.
Инфрақұрылым және «Халықтық құрылыс»: 2029 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады. Жалпы сомасы 1,5 трлн теңгені құрайтын 262 жоба мақұлданды (Басым көпшілігі жол, медицина және сумен қамту жобалары). Қаражаттың жұмсалуын қадағалау үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылады.
Көлік және логистика: Транзит 15%-ға өсті. Жылдың соңына дейін жақсы жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 95%-ға жетеді. Еліміздегі барлық автомобиль жолдарына жауапты орган ретінде Көлік министрлігі айқындалды. Үш жаңа әуежай салынуда (Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі), Ұлттық жүк әуе тасымалдаушысы – «Air Cargo» құрылды, «Е-Көлік» бірыңғай зияткерлік платформасы іске қосылуда.
Энергетика: 2029 жылды қоса алғанда 13,3 ГВт энергетикалық қуат іске қосылады (7,4 ГВт – базалық генерация, 5,9 ГВт – ЖЭК), бұл тапшылықты жойып, 20%-дық профицит қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп және локализация: Өңдеу өнеркәсібі 8,6%-ға өсіп, жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14%-дан асты. Құны шамамен 1,7 трлн теңге болатын 200-ге жуық жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда, ал жер қойнауын пайдаланушылар мен индустрия алпауыттарының сатып алу процестері қазақстандық жеткізушілерге байлаулы болады.
Мұнайгаз және қайта өңдеу: Қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру және қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі пысықталуда. 2035 жылға қарай елімізді газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізілмек, ал 2030 жылға қарай Қашаған, Қарашығанақ және Жаңаөзен кен орнындарындағы газ өңдеу зауыттары іске қосылады.
Аса маңызды материалдар: Астана қаласында аккумуляторлар, жартылай өткізгіштер және магниттер өндірісі саласы бойынша Ұлттық зертхана құрылады. Геологиялық барлауда ЖИ көмегімен цифрлық түсірілім іске қосылды – алғашқы 7 учаске келесі жылы аукционға қойылады.