Цифрлық технологиялар елімізде қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен енгізілетін болады


Үкімет отырысының қорытындысы бойынша цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин, қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Жаслан Мәдиев күнделікті қызметке жаңа цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Министр жасанды интеллектіні қолдануда шек жоқ екенін атап өтті. Қазақстанда цифрлық технологиялар бүгінде өнеркәсіп, экология, денсаулық сақтау, білім беру, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және заңгерлік қолдау, салық секторы және бизнес-орта салаларында енгізіліп, белсенді пайдаланылуда. Бұл жұмыс экономиканың түрлі секторларында жүргізілетін болады. Ұлттық жасанды интеллект платформасы іске қосылды. Мемлекеттік органдардың 100-ге жуық қызметкері жасанды интеллект құралдарына оқытылды.

Сондай-ақ ол ведомство жасанды интеллект саласындағы мамандарды ғана емес, мектеп оқушыларын да оқытуға бағытталған бірқатар білім беру бастамаларын әзірлеп жатқанын хабарлады.

Олжас Анафин 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы ортақ зейнетақыны 8,5%-ға индекстеу жүзеге асырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ведомство жұмысында цифрлық технологиялар белсенді қолданылады және көптеген төлемдерді онлайн рәсімдеуге болады.

Әсет Тұрысов ведомство бюджеттік көрсеткіштерді болжау, тәуекелдерді басқару және артық шығындар немесе орындамау сияқты бюджеттегі ауытқулардың алдын алу үшін ЖИ пайдалану мәселесін зерттеп жатқанын хабарлады.

Ербол Оспанов денсаулық сақтаудағы цифрландыру медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен қызмет көрсету сапасын жақсартатынына тоқталды. Ол биыл дәрі-дәрмектің жолын – медициналық мекемеге жеткізуден бастап оны жүзеге асыруға және пациентке ұсынуға дейін бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық рецепттер енгізілгенін айтты.

#Баспасөз конференциясы #Цифрландыру

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу