Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы: 2029 жылға дейін Қазақстанда тағы 5 мың шақырым автожол жөнделеді

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың, ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаевтың, ҚР көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Нұрлан Сауранбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін 10 мың шақырым автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі күні 5 мың шақырым аяқталды. 2029 жылға дейін тағы 5 мың кшақырым жөнделеді, бұл қойылған міндеттің толық орындалуын қамтамасыз етеді.

Министр алдағы үш жылда салада жалпы ұзындығы 3,25 мың шақырым, қаржыландыру көлемі 4,6 трлн теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтты. Оларды жүзеге асыру транзиттік әлеуетті едәуір арттыруға және тікелей экономикалық тиімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дархан Иманашев биыл автожолдардың алты учаскесі ақылы болатынын айтты. Оның айтуынша, елімізде жалпы ұзындығы 4,9 мың шақырым болатын 26 ақылы учаске жұмыс істейді. Биыл алты жаңа учаскені іске қосу жоспарлануда: «Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал», 554,6 шақырым «Бурылбайтал – Құрты», 226,4 шақырым; «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат», 89 шақырым; «Талдықорған – Өскемен», 773 шақырым; «Атырау – Астрахан», 277 шақырым; «Мерке – Шу – Бурылбайтал», 78 шақырым.

«ҚазАвтоЖол» басшысы атап өткендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша ақылы жолдардан 87 млрд теңге түскен, қаражат ақылы учаскелерді жөндеп, ұстауға бағытталды.

 

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу