Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы: Қазақстанда алғашқы Қазақ жасанды интеллект зерттеу университеті жұмысын бастайды

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР бірінші ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, ҚР оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Саясат Нұрбек соңғы төрт жылда республикада білім беру гранттарының саны 51 мыңнан 90 мыңға дейін өскенін, сонымен қатар педагогтарды даярлаудың заманауи тәсілдері енгізілгенін, жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар артып келе жатқанын, сондай-ақ дуалды оқыту мен шетелдік университеттермен бірлескен білім беру бағдарламаларын қолдану кеңейтілгенін хабарлады.

Сондай-ақ қыркүйек айында Қазақстанда тұңғыш Қазақ жасанды интеллект зерттеу университеті жұмыс істей бастайды, онда білім беру процесі кіріктірілген ЖИ алгоритмдерін пайдалана отырып, толық құрылатын болады. Осындай эксперименттік университеттер АҚШ, ҚХР және БАӘ-де де құрылуда. Осы жылдың қазан айында жаңа ЖОО-ның ресми таныстырылымы өтеді.

Бакалавриат бағдарламаларына 400 студент қабылдау жоспарлануда, оның 308-і мемлекеттік білім беру гранттары бойынша оқитын болады. Магистратура бағдарламаларына Astana Hub, Alageum гранттары есебінен, сондай-ақ ақылы негізде 100 адамды қабылдау көзделген.

Шынар Ақпарова соңғы бес жылда Қазақстанда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1 120 мектеп салынғанын, бұл тәуелсіздік жылдарында салынған барлық мектептердің 34%-ын құрайтынын атап өтті. 1991 жылдан бастап елімізде барлығы 3200 мектеп іске қосылды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мыңнан астам оқушыға арналған 217 мектеп салынды, бұл ретте нысандардың 40%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.

Соңғы бес жылда оқушы орындарының тапшылығы 4 еседен астам, яғни 1 млн-нан 245 мыңға дейін қысқарды. Биыл 59 мыңнан астам оқушы орындарына арналған тағы 101 мектептің құрылысы жүргізілуде, бұл үш ауысымды және апатты мектептердің санын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

#Баспасөз конференциясы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу