Үкімет үйіндегі брифинг: құтқарушыларды әлеуметтік қамсыздандыру және интернет инфрақұрылымын дамыту

Үкімет үйінде Үкімет отырысының қорытындысы бойынша кезекті баспасөз мәслихаты өтті. Оған төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев қатысты.

ТЖ министрі құтқарушыларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі сұрақтарға жауап берді. Атап айтқанда, еңбекақысын көтеру және оны қиын жағдайда жұмыс істеген уақытты ескере отырып қалыптастыру, сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерге арналған ипотекалық бағдарлама бойынша ведомствоның жоспарлары туралы айтып берді. 

Бұдан бөлек, Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру және арнайы ұшу техникасы паркі жоспарлы түрде жаңартылатынын хабарлады. Сонымен қатар тілшілер су тасқыны кезінде жағалауларды нығайтуға және бөгет салуға пайдаланылған қаптарды жою мәселесі туралы сұрады. Министр бұл мәселе әкімдіктердің құзырында екенін және жұмыстардың басталып кеткенін, сол себепті қоршаған ортаға төнген қауіп жоқ екенін айтты.

Ал Жаслан Мадиев тілшілерге интернет жылдамдығы, байланыс сапасы нашар аймақтарда оны жақсарту бойынша жұмыстар жүргізу, халықаралық серіктестік туралы баяндады. Сонымен қатар ол тілшілерге қатарлық холдингпен жасалған келісім жөнінде: инвестиция көлемі, ұялы байланыс пен интернет сапасы, 5G инфрақұрылымын дамыту туралы егжей-тегжейлі айтып берді.  

Жыл соңына дейін 2 мың ауыл мектебінде ғаламдық спутниктік жүйе Starlink құрылғылары орнатылады. Министрдің айтуынша, бұл «роутерлердің» жарамдылық мерзімі шексіз әрі кепілдендірілген. Сондай-ақ цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі +7-ден +9-ға  ауыспау туралы шешім қаржылық, экономикалық және техникалық себептерге байланысты қабылданғанын айта кетті.

Бұдан бөлек, министр интернет сапасы нашар болған жағдайда байланыс операторларының қызметіне шағымдануға кеңес берді. Бұл жедел әрекет етіп,  сапасыз қызмет провайдерлеріне қарсы шара қолдануға мүмкіндік береді.

#Брифинг #ҚР ТЖМ #ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу