17 Қараша 2026, 15:05
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеевтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Отандық кәсіпорындар салалық кооперация арқылы ұзақмерзімді тапсырыстармен қамтамасыз етілді
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков отандық өндірісті, атап айтқанда жеңіл өнеркәсіпті қолдау және дамыту жөніндегі шаралар туралы айтты.
Оның айтуынша, бұл саланың әлеуметтік маңызы өте жоғары және халықтың едәуір бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі уақытта нарықта кооперация алшақтығы сақталуда, нақтырақ айтқанда, тігін кәсіпорындары қазақстандық өндірістің маталарын үнемі пайдалана бемейді. Бұл мәселені шешу үшін «салалық кластер» шеңберінде өзіне қарсы міндеттемелер алатын кәсіпорындарды ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету жоспарлануда.
«Егер өндіріс елімізде локализацияланған болса, кәсіпорындар қазақстандық шикізатты пайдалануға, жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ масс-маркетке немесе экспортқа шығатын қосымша өнім жасауға міндеттенеді. Бұған жауап ретінде біз оларға қолдау көрсетеміз: мемлекеттік сатып алу, квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы шеңберінде ұзақ мерзімді тапсырыстарға кепілдік береміз», — деді вице-министр.
Қазақстанда үш жыл ішінде отандық өндірісті дамыту бойынша 600-ден астам жоба жүзеге асырылды
Соңғы үш жылда Қазақстанда отандық өндірісті дамытуға және шығарылатын өнім номенклатурасын кеңейтуге бағытталған 600-ден астам жоба жүзеге асырылды, деп хабарлады өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Елде бұрын импортталған радиаторларды шығару жолға қойылған, ал жылу оқшаулағыш материалдардың жекелеген түрлері бойынша ішкі сұраныс отандық өніммен толықтай қамтамасыз етіледі.
Алдағы жылдары Қызылорда облысында испандық Roca компаниясымен бірлесіп санфаянс өнімдерін өндіруді іске қосу жоспарлануда.
Машина мен автомобиль жасауда өндірушілердің жыл сайын локализациялау деңгейін арттыру және ел аумағында компоненттер өндірісін дамыту бойынша қарсы міндеттемелері заңды түрде қарастырылған.
«Егер автомобиль жасау саласының қалыптасуының бастапқы кезеңінде ірі торапты құрастырудан бастаған болсақ, 15 жылдан кейін құрамдас бөлшектер өндірісін жолға қойдық», – деп атап өтті вице-министр.
Келесі қадам қазақстандық қамтудың жоғары үлесі бар неғұрлым күрделі өнім шығару үшін салалық кластерлерді қалыптастыру болмақ. Қажетті заңнамалық нормалар бекітілді, қазіргі уақытта заңға тәуелді актілерді әзірлеу аяқталуда.
Делдалдармен күрес: «Даму» қоры кәсіпкерлерді жобаларды тікелей ресімдеуге шақырды
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев заңсыз делдалдарға қарсы іс-қимыл шаралары туралы айтып берді.
«"Даму" қоры делдалдармен, "көмек ұсынатындармен" жұмыс істемейді. Біз кәсіпкерлермен тікелей жұмыс істейміз. Бірақ, өкінішке қарай, ондай жағдайлар бар. Олар адамдар бизнес-жоспар, бизнес-жобалар дайындау керек кезде қиындықтарға тап болып, осындай "көмек ұсынатындарды" іздей бастағанда пайда болады. Бұлай жасап қажеті жоқ. Бірден "Даму" қорының филиалдарына жүгінуі керек. Бұл үшін бізде call-орталық, онлайн-кездесулер алаңы бар. Біз аудан орталықтары, ауылдар, ауылдық округтер бойынша аралап, презентациялар жасайтын, өтінімдер жинайтын мобильді фронт-кеңселерді – шағын автобустарды іске қостық», — деп атап өтті Фархат Сәрсекеев.
Одан бөлек, халықаралық тәжірибе үлгісі бойынша қорда консалтингтік компанияларды аккредиттеу рәсімі енгізілді. Мұндай ұйымдар қорда көп деңгейлі мұқият тексеруден өтеді.
Кәсіпкерлерге кепілдік құралы бойынша көмек басты назарда – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры»
Шағын және орта бизнеске аналған «Өрлеу» бағдарламасы бойынша несие сомасы 7 млрд теңгені құрайды. Мемлекет кәсіпкерлерге кепілдік құралы бойынша бұл сомадан асқан өтінімдер бойынша да көмек көрсетуде. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз-конференциясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев айтып берді.
«Кәсіпкерлерге қойылатын талаптарға келсек, біз өзіміз қоятын талаптар бар, банкілер қоятын талаптар бар. «Даму» қоры бұл жобаларға өзі тікелей қаражат бермейді, банктер арқылы қаржыландырады. Біздің талаптар – міндетті түрде салық төлеген тарихы болуы керек. Бизнес-жоспары болуы қажет және өзінің үлесі болуы керек. Ал банкілер тарапынан несие тарихының жақсы болғаны талап етіледі. Кепілге қоятын мүлкі болу керек. Біз кәсіпкерлерге кепілдік құралы бойынша көмек көрсетуді басты назарда ұстап отырмыз. Кепілзаты жетпесе оны жеңілдетілген тетікпен береміз. Ол үшін бізге келмейді. Сол банкте жүрген кезінде алып, ары қарай қаржыландыруға өте береді. Кепілдік құралына көбірек басымдық беріп отырмыз. Оны біз 7 млрдтан асатын сомалар үшін де береміз. Осы тұрғыда біздің бұл көмекті пайдаланып, жобаларын бастап кеткен кәсіпорындар да бар», — деді Фархат Сәрсекеев.
«Даму» кепілдік қорлары отандық бизнестің 10 мыңға жуық жобасын қолдады
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының базасында іске қосылған кепілдік қорлары қазақстандық кәсіпкерлердің банк қаржыландыруына қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтіп отыр, деп мәлімдеді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.
2025 жылғы сәуірде екі кепілдік қоры іске қосылды. Оның біріншісі жобаларының құны 7 млрд теңгеге дейінгі шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға, екіншісі ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыркға арналған. Аталған қорлардың негізгі мақсаты – кепілдік мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда да отандық кәсіпкерлердің банктік қаржыландыруға қол жеткізуіне мүмкіндік жасау, осылайша бизнестің қаржылық әлеуетін арттыру.
«Өткен жылы біз кепілдік беру тетігі арқылы көлемі 579 млрд теңгеден асатын 5,6 мың жобаға қолдау көрсетілді. Несиенің жалпы көлемі шамамен 1 трлн теңгені құрады. 2026 жылдың 10 айында 1,7 трлн теңге көлемінде несие берілді, оның 700 млрд теңгесі кепілдікпен қамтамасыз етілді. Осы кезеңде 4,2 мың жоба қолдау тапты», — деді Фархат Сәрсекеев.
«Арманнан іске»: елімізде кәсіп бастауға ниетті азаматтарға арналған жаңа бағдарлама пилоттық режимде іске қосылды
Нақты бизнес-идеясы бар, алайда оны жүзеге асыруға қаржылық мүмкіндігі жеткіліксіз азаматтарға арналған «Арманнан іске» бағдарламасы пилоттық режимде жүзеге асырылуда. Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бағдарлама аясында қажетті 85%-ға дейін кепілдік беріледі. Бұл кәсіп бастағысы келетін азаматтардың қаржы институттарынан несие алуына мүмкіндік ашады.
Бағдарламаға қатысудың негізгі талаптары:
▪️ бастапқы жарнаға арналған жеке жинағының болуы;
▪️ оң кредиттік тарихының болуы;
▪️ дайын бизнес-жоспар ұсынуы.
Сонымен қатар кәсіпті жүзеге асыратын орын, өнімді немесе қызметті өткізу мүмкіндігі, ғимаратты жалға алу не жеке нысанды пайдалану мәселелері де ескеріледі.
Пилоттық жобаның нәтижесі оң болған жағдайда бағдарламаны еліміздің барлық өңіріне тарату жоспарланып отыр.
#Баспасөз конференциясы #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу