ҚР Президенті Н. Назарбаев ішкі істер министріне Алматыға ұшуды тапсырды

ҚР Президенті Н. Назарбаев ішкі істер министріне қаладағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдау үшін Алматыға ұшуды тапсырды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов твиттердегі аккаунтында: «Мемлекет басшысы ішкі істер министрі Қасымовқа Алматыға ұшуды тапсырды» деп жазды.

Еске сала кетсек, бүгін Алматыда террорлық акт орын алды. Белгісіз біреулер Алмалы АІІБ және ҰҚК департаменті ғимаратына шабуыл жасады. Атыс салдарынан бір бейбіт тұрғын мен үш полиция қызметкері қаза тапқан. Қалада террорлық қауіп-қатердің қызыл деңгейі жарияланды, екі шабуылшы ұсталды. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің жедел отырысын өткізіп, азаматтарды ақпарат кеңістігіндегі арандатушылыққа ермеуге шақырды. Отырыс қорытындысы бойынша ҚР Президенті қаладағы жағдайды тұрақтандыруға, сондай-ақ қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуге қатысты бірқатар тапсырмалар берді.  

«Бүгін Алматыда, өкінішке қарай, тағы да адам құрбандығына ұшыратқан террорлық акт болды. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтамын, оларға тиісті психологиялық және материалдық қолдау көрсету керек. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына қаладағы құқық тәртібін қамтамасыз ету тұрғысынан барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу