08 Шілде 2016, 17:33
Мемлекеттік инспекторлар жүргізген тексерулер нәтижесінде кәсіпорындарда 6 мыңнан астам еңбек заңнамасының бұзылуы анықталған. Бұл туралы Үкімет отырысы кезінде денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова айтты.
«4 мыңнан астам тексерулер барысында 6 мыңнан астам еңбек заңнамасының бұзылуы анықталған. Оның ішінде 29% - жалақының төлену мерзімі бойынша заң бұзушылықтар. Салалар бойынша барлық қарыздар cомасының 46% - өнеркәсіптік кәсіпорындарға тиесілі, 17% - қызмет көрсету кәсіпорындарына және 16% - құрылыс кәсіпорындарына қатысты. Бұл қарыздардың негізгі себептері кәсіпорындардағы экономикалық проблемалар болды», - деді ведомство басшысы.
Т.Дүйсенованың айтуынша, 3 айдан астам мерзімі өтіп кеткен жалақы қарыздары бар кәсіпорындарға сот органдары арқылы шаралар қолданылады.
«Биыл 10 кәсіпорын бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларының жазбаша ұйғарымдарын мәжбүрлеп орындату туралы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың шешімдері шығарылды. 12 кәсіпорын бойынша материалдар соттардың қарауында қалды, 22 кәсіпорынның басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екі кәсіпорынның басшыcына қатысты қылмыстық істер қозғалды», - деп келтірді статистика мәліметтерін министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу