Б.Сағынтаев «Бек Эйр» АҚ ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды
Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Астана әуежайындағы «Бек Эйр» әуе компаниясының ұшағына қатысты оқиғаға байланысты кеңес өткізді.
Жиынға Инвестициялар және даму министрлігінің, Бас көлік прокуратурасының, ІІМ, ҰҚК өкілдері қатысты.
Инвестициялар және даму министрлігі оқиғаның мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрды. Оған шығарушы зауыт өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар шақырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев осы сынды әуе апатының алдын алу бойынша шараларды қабылдауды тапсырды.
Азаматтық авиация комитетіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Бек Эйр» АҚ ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Бұдан өзге, 29 наурыздан бастап әуе тасымалдаушы қызметінің жоспардан тыс инспекциялық тексерісі басталады.
Жиында «Бек Эйр» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жұмасұлтанов жақын арада әуе компаниясы IOSA халықаралық авиациялық аудитінен өтуге кірісетінін айтты.
2016 жылдың 27 наурызында сағат 10-нан 36 минут кеткенде Астана әуежайына №2041 рейсін орындаған «Қызылорда-Астана» бағытында ұшқан «Бек Эйр» компаниясының «Фоккер-100» ұшағы апаттық жағдайда қонды. Ұшақ бортында 121 адам, оның 116-сы жолаушы және 5 экипаж мүшесі болды. Жапа шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша оқиғаға ұшақ шассиінің алдыңғы тіреуінің ашылмауы себеп болған.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз