31 Қазан 2024, 16:45
Бүгінде елімізде 732 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде балалардың үлесі – 15%, 18-ден асқан азаматтар – 85%. Олардың ішінде еңбекке қабілетті адамдар – 57%-ды, зейнет жасындағылар саны – 27%-ды құрайды. Осы орайда, мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеміне 2024 жылы мемлекеттік бюджеттен 624 млрд теңге бөлінді (2023 жылы 522,1 млрд теңге). Бұл туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев ОКҚ алаңында хабарлады.
«Бүгінгі күні қоғамдағы инклюзияны көбіне аса қажет ететіндер – ол мүгедектігі бар адамдар. Жыл сайын мүгедектігі бар адамдарды қолдауға шығындар бюджеттің әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындарының шамамен – 11%-ын құрайды», — деп мәлімдеді спикер.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасқан.
Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар күн көріс деңгейінің өзгеруіне байланысты 7% арттырылды:
1 топтар – 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;
2 топтар – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;
3 топтар – 48 681 теңгеден 52 089 деңгеге дейін.
Екінші деңгей (міндетті) – мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер, егер зардап шеккен жұмысшыға жұмыс беруші МӘСҚ-дан аударымдар төлеген болса.
Үшінші деңгей – сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері, егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» ҚР Заңында қарастырылған зардап шеккен қызметкерлердің пайдасына жазатайым оқиғалардан қызметкерді міндетті сақтандыру шарты жасалған болса.
«Жалпы мүгедектігі бойынша жәрдемақылардан басқа мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру деңгейі мен сапасын көтеру бойынша келесі негізгі бағыттарда жұмыс жүргізілуде. Әлеуметтік кодексті іске асыру аясында елімізде мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту басталды. Осылайша, Семей, Тараз және Кентау қалаларында 150 орындық 3 оңалту орталықтары қолданысқа берілді. Сонымен қатар басқа, еліміздің 6 өңірінде (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз және Қостанай) аутизм спектрінің бұзылуы бар балаларға және басқа да менталдық бұзушылықтары бар балаларға күндізгі болу орталықтары ашылды», — деп атап өтті ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Бұдан басқа:
- мүгедектігі бар адамдарды жөргектермен қамтамасыз ету нормасы ұлғайды (жылына 59,1 мың адам, 730 данадан 1460 данаға дейін);
- спина бифида диагнозы қойылған мүгедектігі бар адамдарға бір рет қолданылатын майланған катетерлер енгізілді (жылына 269 адамға 2190 дана);
- менталдық бұзушылықтарымен мүгедектігі бар балаларға санаторийлік-курорттық емделу ұсынылады (4,6 мың бала еріп жүрушімен, жылына барлығы 9,2 адам).
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында 2030 жылға дейінгі Инклюзивті саясат тұжырымдамасы әзірленді. Инклюзивті саясатты жүзеге асырудың жаңа тәсілдері мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға, мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасауға бақытталған пәрменді шаралар кешенін қабылдауды көздейді.
«Жалпы, тұжырымдама жобасы 13 бағытты қарастырады, оның ішінде адамның теңдігі және кемсітпеу мәселесі, құқықтық тұрғыда қорғау және сот төрелігіне қол жеткізу, өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғалуы, инклюзивті еңбек нарығы және өндірістік орта, инклюзивті білім беру, қолжетімді көрсетілетін қызмет және кедергісіз орта және басқа да бағыттар бар», — деді А. Ертаев.
Бірінші. Теңдік және кемсітушілікке жол бермеу.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа әлеуметтік-құқықтық қорғау моделі аясында мүгедектігі бар адамдарға қатысты құқықтарды кемсітушілікті анықтау және жою мақсатында ұлттық заңнаманы талдауды қарастырады. Нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарға қатысты теңдік пен кемсітушілікке жол бермеуді қамтамасыз ететін заң жобасы әзірленеді. Оның ішінде қолданыстағы «мүгедектік», «балалар мүгедектігі» және басқа да ұғымдар Біріккен Ұлттар Ұйымының мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы Конвенциясына және әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне сәйкестендіріледі.
Екінші. Әділ сотқа қол жеткізу.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтық қорғалуы тиімді заңнамалық және нормативтік актілерді қабылдау, сондай-ақ мониторинг және бақылау механизмдерін енгізу арқылы кеңейеді. Сонымен қатар мүгедектігі бар көшіп-қонушы балалар мен мүгедектігі бар босқын балаларға (тұруға ықтиярхаты жоқ ата-аналары бар) әлеуметтік қорғау шараларын, медициналық көмекті және инклюзивті білім алуға ұсыныстар әзірленеді.
«Сот ісін жүргізуге инклюзивті мамандардың (ымдау тілінің аудармашылары, жеке көмекшілер) қатысуы мүгедектігі бар адамдардың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Пенитенциарлық мекемелерде мүгедектігі бар адамдарды ұстау жағдайларын жақсарту үшін инфрақұрылымды кезең-кезеңімен қайта құру жоспарлануда», — деп түсіндірді спикер.
Үшінші. Өмір сүру деңгейі және әлеуметтік қорғау.
Еңбек министрлігі отбасының қажеттіліктерін бағалау бойынша Отбасының цифрлық картасы арқылы тұрақты түрде жұмыс жүргізеді. Сонымен қатар медициналық-әлеуметтік сараптаманы кезең-кезеңмен трансформациялау жұмыстары жүргізілуде.
«Бұл шара кейбір нозология түрлері бойынша медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай проактивті форматта өткізуге толық көшуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ абилитация және реабилитация саласын ғылыми-практикалық қолдауды кеңейту мақсатында әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының трансформациясы жүзеге асырылуда», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, реабилитациялық іс-шаралардың тиімділігін арттыруға цифрлық технологияларды кеңінен қолдану арқылы қол жеткізу жоспарлануда.
Цифрлық реабилитация күнделігін және қашықтықтан реабилитация технологиясын енгізу оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Оңалтудың техникалық құралдарының тозу деңгейін анықтау, мұндай өзекті емес (моральдық ескірген) құралдарды уақтылы ауыстыру үшін медициналық-әлеуметтік сараптама енгізіледі. Оңалту процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін оңалтудың техникалық құралдарын уақытша және тегін пайдалану мәселесі қарастырылуда. Аймақтарда оңалту орталықтарының құрылысын жалғастыру жоспарлануда.
Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту процесі де жалғасады. Мысалы, инклюзивті тұруға арналған әмбебап дизайн негізіндегі шағын сыйымдылықтағы үйлер желісін кеңейту жоспарланған.
«Бұл қазіргі стационарлық жағдайдағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарына балама ретінде қарастырылып отыр. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру әлеуметтік қызметкерлер үшін жаңа кәсіби стандарттарды енгізу арқылы мүмкін болады. 2025 жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің тізілімі және олардың міндетті аттестациясы, әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізіледі», — деп мәлімдеді ОКҚ алаңында өткен брифингте ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Төртінші. Еңбек нарығы және өндірістік орта.
Мүгедектігі бар адамдар халықтың экономикалық жағынан ең осал топтарының бірі саналады.
Дегенмен, вице-министрдің айтуынша мемлекет тарапынан жұмыспен қамту шаралары қабылданғанына қарамастан, елдегі мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамту деңгейі небәрі 28%-ды құрайды.
«Бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде 60-70%-дан төмен емес. Еліміздегі көптеген кәсіпорын мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын сақтамайды және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Еңбекке жарамдылықты қалпына келтіруді, жұмысқа орналасуды немесе жаңа кәсіпке оқытуды қамтитын кәсіби еңбек оңалтуы баяу дамуда. Негізгі мәселелердің қатарына жұмысқа орналасудағы кедергілерге бейімделген жұмыс орындарының болмауы, тиісті білім мен тәжірибенің жеткіліксіздігі, төмен жалақы кіреді», — деп атап өтті А. Ертаев.
Осыған орай, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру шараларын әзірлеу аясында олардың еңбек құқықтарын реттеу, сақтау және қорғау бойынша нормативтік-құқықтық база қайта қаралатын болады. Бизнеске әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілерге квотаны орындамаған жағдайда бюджетке өтемақы төлемдерін енгізу механизмі қарастырылуда.
Бесінші. Инклюзивті білім беру.
Бүгінде мүгедектігі бар адамдар сапалы білім алуға қол жеткізуде қиындықтарға тап болып отыр. Бұл олардың жұмысқа орналасу және әлеуметтену мүмкіндіктерін шектейді.
«Мұғалімдердің ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге әдістемелік дайындығының жеткіліксіздігі, арнайы жағдайлар мен бейімделген оқу бағдарламаларының жоқтығы, сондай-ақ үздіксіз психологиялық-педагогикалық қолдаудың жетіспеушілігі байқалады», — деді спикер.
Тұжырымдама жобасы аясында арнайы білім беру жүйесін жетілдіру, білім берудің барлық деңгейлерінде инклюзияны қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қарастырылған.
Білім алуға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету шаралары шеңберінде арнайы білім беру ұйымдарында шектеулі мүмкіндіктері бар балаларға арналған ерте психологиялық-педагогикалық қолдау қызметтерін құру жоспарлануда.
Алтыншы. Кедергісіз қол жеткізу.
Тұжырымдама жобасындағы негізгі блок кедергісіз орта құруға арналған. Мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру объектілер мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігінің ұлттық стандарттарын өзектендіру және біріздендіру, оларды тіршілік әрекетінің барлық салаларына енгізу үшін тиімді шаралар мен уәждеу жағдайларын жасау жөнінде жаңа шаралар қабылдауды талап етеді.
Инфрақұрылым объектілері мен көрсетілетін қызметтердің халық үшін қолжетімділігін регламенттейтін ұлттық стандарттарды енгізу орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың кедергісіз орта құру жөніндегі жұмыстарды өзектендірудің негізі болып табылады.
«Мемлекеттік және қоғамдық бақылау артады, оның шеңберінде барлық меншік нысанындағы объектілерді мүгедектігі бар адамдар үшін олар көрсететін қызметтердің қолжетімділігі тұрғысынан тексеру міндетті және тұрақты болады. Еңбек министрлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп жергілікті атқарушы органдарға жобалау құжаттамасының инклюзивтілігін, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, халықтың аз қозғалатын топтары үшін объектілердің қолжетімділігі тұрғысынан қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі құзыретті бекіту көзделеді», — деп түсіндірді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Жетінші. Төтенше жағдайлар мен климаттық қатерлер жағдайындағы қауіпсіздік.
Климаттың өзгеруiне және техногендiк апаттарға байланысты мүгедектiгi бар адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төнетiн жағдайда төтенше жағдайлар мен дүлей зiлзалаларда қауiпсiздiктi және оларды қорғауды қамтамасыз етуге кешендi көзқарас талап етiледi.
Төтенше жағдайлар кезінде мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға кепілдік беретін стандарттар мен құқықтық нормалар енгізіледі, оның ішінде:
1) мүгедектігі бар адамдарды қолжетімді форматтар мен құралдарға негізделген құлақтандыру жөніндегі тәсілдер;
2) төтенше жағдайларда және дүлей зілзалаларда мүгедектігі бар адамдардың осалдығын төмендету мақсатында тәуекелдерді болжау тетігі;
3) мүгедектігі бар адамдарға қатысты төтенше жағдайларда ден қою алгоритмдері.
«Мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелері үшін төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлықты оқыту жүйесі құрылатын болады», — деді спикер.
Сегізінші. Мәдени өмір, демалыс және спорт.
Мәдениет, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді нысандар мен қызметтердің санын ұлғайту болып табылады:
1) концерттік ұйымдарда, театрларда, мәдени демалыс ұйымдарында, кітапханаларда, мұражайлар мен мұражай-қорықтарда, цирктерде, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт объектілері мен құрылыстарында кедергісіз орта құру;
2) концерттік ұйымдарды, театрларды, мәдени демалыс ұйымдарын мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету (электрондық ақпарат тасығыштар, аудио және бейне ойнатқыштар, Брайль шрифтымен басылған кітаптар, арнайы пернетақтамен жабдықталған компьютерлер және т.б.);
3) әмбебап дизайн негізінде жаңа мәдениет, спорт және туризм объектілерін салу.
Инклюзивті мәдениетті дамыту қоғамның хабардарлығын арттыру жөніндегі ақпараттық науқандарды кеңейту арқылы қамтамасыз етілетін болады. Спорт пен дене шынықтыруды инклюзиялау идеологиясы мүгедектігі бар әйелдер мен балаларды параспортпен айналысуға тартуға баса назар аудара отырып, одан әрі ілгерілетіледі. Туризмді дамытуға жаңа серпін инклюзия пайдасына туристік саланы ұйымдастырудың тәсілдерін қайта қарау мүмкіндік береді.
Тоғызыншы. Ағарту-тәрбие жұмысы
Тұжырымдама жобасы бағыттарының бірі қоғамның инклюзивті санасын дамыту. Инклюзия саласындағы ағарту жұмыстарының негізгі міндеті қоғамның хабардарлығын арттыру арқылы адамның қадір-қасиетін, адамзаттың физикалық әртүрлілігін құрметтеу құндылықтарын ілгерілету болады.
Инклюзия саласындағы ағарту жұмыстары тиімділігінің өсуі мүгедектіктің құқық қорғау моделін ілгерлететін ақпараттық, ойын-сауық және тартатын контентті құру және тарату процесіне тартылған ақпараттық индустрия қызметкерлерінің қызметін сапалы әдістемелік сүйемелдеуді талап етеді.
Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау:
- ұлттық заңнаманы жетілдіру;
- еңбек нарығының инклюзивтілік деңгейін, медициналық қызметтердің сапасын, инклюзивті білім беруді, мүгедектігі бар адамдарды саяси және қоғамдық өмірге тартуды арттыру;
- кедергісіз орта, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедектігі бар адамдарға төтенше жағдайлар жағдайында қауіпсіздікті және қажетті көмекті қамтамасыз ететін іс-қимыл алгоритмін құру және т.б.
«Бағдарламалық құжатты әзірлеу қоғамдық пікірді барынша қамту форматында жүргізілгенін атап өту қажет. Мүгедектігі бар азаматтардың мүдделерін білдіретін Үкіметтік емес ұйымдар қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізілді, репрезентативті сауалнама және ұсыныстар жинау. Тұжырымдама жобасы үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының халықаралық одағының мүшелерімен қоғамдық тыңдауларда талқыланды және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелерімен мақұлданды», — деді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі.
Оның айтуынша, жоба мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелерімен талқыланған. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау біздің мемлекетіміздің басты басымдығы саналады.
#Президенттің тапсырмасы #ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #Әлеуметтік кодекс #Әлеуметтік қорғау«Біз мүдделі мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктер жасау, шын мәнінде мұқтаж адамдарды қолдау жөніндегі жұмыстарды жалғастырамыз. Алда, ең алдымен, қазақстандық азаматтардың өмірі мен әл-ауқатына оң әсер ететін ауқымды өзгерістер күтіп тұр», — деп түйіндеді сөзін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Асқарбек Ертаев.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу